Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын 24 жастағы әйел ұзақ уақыт бедеулікпен күресіп, ақыры Ухань қаласында бесеуін бірден дүниеге әкелді, деп хабарлайды Malim.kz.
NF NEWS басылымының жазуынша, нәрестелер 26 ақпан күні түнгі сағат екі шамасында Уханьдағы «Чжуннань» ауруханасында жүктіліктің 28-аптасында өмірге келген.
Алғаш болып салмағы 990 грамм ұл бала дүниеге келсе, кейін төрт қыз туған. Олардың салмағы – 1020 грамм, 970 грамм, 1030 грамм және 870 грамм.
Дәрігерлер сәбилерді бірден алдын ала дайындалған инкубаторларға орналастырып, шала туған нәрестелерге арналған жансақтау бөліміне ауыстырды.
«Чжуннань» ауруханасының педиатрия бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары Ян Пу:
«Бес сәбидің барлығы Апгар шкаласы бойынша 10 балдың кемінде 6-дан жоғары көрсеткіш алды. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі, әсіресе салмағы төмен, шала туған балалар үшін. Қазір олардың өмірлік көрсеткіштері салыстырмалы түрде тұрақты. Дегенмен, тыныс алу қиындықтары, инфекциялардың алдын алу және қоректік заттардың жетіспеушілігі секілді мәселелер туындауы мүмкін. Біз олардың өсуі мен дамуын мұқият бақылауда ұстаймыз», – деді.
Анықтама: Апгар шкаласы – жаңа туған сәбидің жағдайын (тері түсі, жүрек соғысы, рефлекстері, бұлшық ет тонусы, тыныс алуы) өмірінің алғашқы және бесінші минутында жедел бағалау әдісі. Бұл көрсеткіш дәрігерлерге баланың реанимациялық көмекке мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Сәбилердің анасы Дили поликистозды аналық без синдромынан (ПАБС/СПКЯ) зардап шегеді. Бұл дерт оған бұған дейін жүкті болуға және жүктілікті сақтауға кедергі келтірген. Емдеу курсынан кейін ол өткен жылдың тамыз айында табиғи жолмен жүкті болған.
Алғашқы тексерулер егіз немесе үшем болуы мүмкін екенін көрсеткен. Сондықтан бес баланың дүниеге келуі отбасы үшін күтпеген қуаныш болған.
Мамандардың айтуынша, табиғи жолмен бесеуін бірден көтеру ықтималдығы – 60 миллион жағдайдың бірінде ғана кездеседі.