Мәжіліс депутаты әрі Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстағы жетістігі туралы қуанышты хабар жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның мәліметінше, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен "Tashkent" халықаралық ашық турнирінде қазақтың дәстүрлі садақшылары жоғары нәтиже көрсеткен. Жарысқа Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Кипр және Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы қатысқан.
Қазақстан атынан қатысқан 7 спортшы ел намысын абыроймен қорғап, 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Осы нәтижелердің арқасында жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, бұл жеңіс қазақтың дәстүрлі садақ ату өнерінің әлемдік деңгейде мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
"Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынды жеңіп алды. Қазақтың дәстүрлі садақшылары әлемде теңдессіз екенін тағы да көрсетті. Бізге жанкүйер болып, қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын", – деп жазды ол.
Сонымен қатар депутат бұл жетістікті 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аруларға жасалған ерекше сый ретінде бағалап, федерация мүшелерін жеңіспен құттықтады.