Қазақстанда енді шетелдік жоғары оқу орындары мен олардың филиалдары оқу бағдарламасына "Қазақстан тарихы" мен "Қазақ тілі" пәндерін міндетті түрде енгізуі тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, аталған норма Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен қабылданған маңызды өзгерістердің бірі болып отыр.
"Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен аса маңызды норма қабылданды. Енді шетелдік ЖОО-ы "Қазақстан тарихы" мен "Қазақ тілі" пәндерін оқытуға міндеттеледі. Бұл талап заң дейгейіне көтерілді. "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасында "Шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдары мен шетелдік оқу орындары "Қазақстан тарихы" және "Қазақ тілі" пәндерін міндетті түрде оқыта отырып, тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан төмен емес білім беру сапасын қамтамассыз етеді" деген норма бекітілді. Қазақстан Республикасының аумағында ашылған шетелдік ЖОО-ң филиалдары мен шетелдік ЖОО-на осы маңызды міндетті енгізген заң жобасы жуырда екінші оқылымға шығады", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.
Мәжілісмен бұл талап енгізілген заң жобасы жуырда Парламентте екінші оқылымға шығарылатынын да атап өтті.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты әрі Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстағы жетістігі туралы қуанышты хабар жариялаған еді.