Malim.kz
Қоғам

"Сүйінші, ағайын": Елге танымал заңгер қуанышты хабарын бөлісті (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Ulysmedia.kz. Суретте: Мейірман Шекеев

Белгілі заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жазба жариялап, көпшілік күткен бағдарламаның жарыққа шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, бұл жоба халықтың мәселесін көтеріп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Бағдарлама ел ішіндегі өзекті проблемаларды ашық айтып, көмекке мұқтаж жандарға демеу болуға бағытталған.

"Ал қазақ елі, құтты болсын! Көптен күткендеріңіз Алланың қалауымен сіздерге жол тартты. Халықтың мұң мұқтажын жоқтайтын, сүрінгенге сүйеу, жылағанға демеу, өздеріңіздің көптен күткен бағдарламаларыңыздың тұсауын кестік. Бұл ретте халық үшін ішкен асын жерге қойып, сөзіне берік, достыққа адал болып жүрген текті қазақ Руслан Өтепбай бауырыма және оның күні-түні ұйықтамай жұмыс жасайтын командасына сәттілік тілеп қоялық!" – деп жазды Мейірман Шекеев.

Заңгер жаңа бағдарламаның қоғамға пайдалы болып, көпшіліктің үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Еске сала кетейік, Алматы қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі саналатын Розыбакиев көшесіне жуырда өмірден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы ұсыныс қоғамда қызу талқыланған еді. Осы бастамаға байланысты белгілі заңгер Мейірман Шекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы үндеу жолдаған болатын. Ол өз үндеуінде бұл идеяның халық үшін маңызды екенін айтып, көпшілікті Мұхтар Шахановтың есімін ұлықтауға бағытталған ұсынысты қолдауға шақырған. Сондай-ақ бұған дейін Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында ағасының мезгілсіз қайтыс болғанына байланысты көңіл айтып, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдірген еді.

Мейірман Шекеев туралы

Мейірман Шекеевтің есімі көпшілікке Шерзат Полаттың ісінен кейін кеңінен таныла бастады.

Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат бір топ жасөспірімнің қолынан қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырып, ел ішінде қызу талқыланды. Тұрғындар істің әділ әрі ашық тергелуін талап етіп, наразылық акцияларына шыққан еді.

Аталған қылмыстық іс бойынша 9 адам айыпталушы ретінде сот алдына келді. Олардың арасында кәмелетке толмаған күдікті де болды. Марқұмның ата-анасы әділдікке қол жеткізу үшін заңгер іздеп, кейін олардың мүддесін қорғауды Мейірман Шекеев өз мойнына алды.

Сот процесі қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Осы істе Мейірман Шекеев жәбірленуші тараптың құқығын қорғап, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап еткен заңгер ретінде танылды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары