Malim.kz
Қоғам

"Сүйінші, ағайын! Көп нәрсе айтқым кеп тұр": Әнші Алтынай Жорабаева асыға күткен қуанышты хабарын жеткізді (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Ашық дереккөзден. Суретте: Алтынай Жорабаева

Танымал әнші Алтынай Жорабаева отбасындағы жағымды жаңалықты жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қызының тұрмыс құруға дайындалып жатқанын айтып, болашақ құдаларымен танысып үлгергенін жеткізді.

"Балапандарымызға тағдырдың тартуы тек тәтті болсын. Көп нәрсе айтқым-ақ, жазғым да келіп тұр. Балаңның әрбір қуанышы, ата-ана үшін мың есе қуаныш қой. Тәтті шәй тәттілермен басталды. Ақ көңіл, адал ниетпен ақ дастархан басында бас қосып, болашақ құдаларымызбен танысып, көңілімізді бірлеп алдық, шүкір. Өміріміздің "құда-құдағи" деген асуы басталғалы жатыр, бұйырса. Әр белес, әр сәт – бақыт. Өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың тек қызығын көруді нәсіп ет Аллаһым.

Артық сөз жазбай, Ақ жарма тілектеріңізді жазып, балапандарға бақыт тілеп қойыңыздаршы. Өйткені еселеп өздеріңізге қайтады", – деп жазды Алтынай Жорабаева.

Алтынай Жорабаева – қазақстандық эстрада өнерінің жарқын өкілдерінің бірі. Ол 1978 жылдың 28 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Бейнеткеш ауылында дүниеге келген. Болашақ әнші бала кезінен өнерге жақын болып өсіп, мектеп қабырғасында жүріп-ақ сахнаға бейімделе бастады. 1995 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға түсті. 1999 жылы оқуын аяқтап, сол оқу орнында ұстаздық қызмет те атқарды.

Оның үлкен сахнаға алғашқы қадамы 1997 жылы басталып, "Арай" байқауында жүлдегер атанды. Сол жылы "Жас қанат-97" республикалық конкурсында да дипломант болды. Кейіннен ол халықаралық байқауларда ел намысын қорғап, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. 2001 жылы "Азия дауысы" фестивалінде лауреат атанса, 2004 жылы Болгариядағы "Discovery" байқауында жеңіске жетті. Сонымен қатар, Латвияның Юрмала қаласында өткен "Янтарная звезда" байқауында Гран-при иеленді. 2005 жылы АҚШ-та өткен орындаушылық шеберлік чемпионатында екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алды.

2004 жылы ол "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды. 2006 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Әншінің алғашқы альбомы 2002 жылы жарық көріп, тыңдарман тарапынан жоғары бағаланды.

Бұған дейін Алтынай Жорабаеваның аяулы анасын туған күнімен әсерлі түрде құттықтап, жүрекжарды алғысын білдіргенін жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары