Танымал журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның жазуынша, марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу ханым сот шешімімен өз үйін қайтарып алған. Журналист бұл жаңалықты "сүйінші" деп жариялап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғыс айтылғанын жеткізді.
"Ардақты ағайын, сүйінші. Арман Дүйсеновтің келіншегі Айсұлу ханым соттың шешімімен үйін қайтарып алды. Қолдау көрсеткен барша қазақ еліне Айсұлу ханым алғысын білдіруде", – деп жазды Руслан Өтепбай.
Пәтер дауы қалай басталды?
Еске салайық, 2025 жылдың қараша айында Айсұлу ханым алғаш рет ашық сұхбат беріп, отбасының басынан өткен ауыр жағдай туралы айтқан еді. Белгілі композитор Арман Дүйсенов пен оның ұлы Абылайдың қазасынан кейін пәтер мәселесі туындаған.
Марқұмның жарының айтуынша, нарықтық құны шамамен 140 миллион теңге болатын пәтерге қатысты даулы жағдай қалыптасқан. Белгілі бір азамат 65 миллион теңге бердім деп мәлімдеп, толық мүлікті талап еткен. Сондай-ақ, қайғыдан әлі еңсесін тіктей алмаған уақытта "40 күн өтсін, сосын пәтерді босатсын" деген талап қойылғанын да жасырмады. Оның айтуынша, "Пәтерді босат" деген сөз еш қысылмай, тікелей айтылған.
Арман Дүйсенов туралы
Арман Нариманұлы Дүйсенов (1974-2023) – белгілі композитор, продюсер, телеведущий. Ол Орал қаласында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған.
Өз шығармашылық жолында 350-ден астам ән мен музыкалық туынды жазған. Қазақ эстрадасының ірі тұлғаларымен жұмыс істеген. Мемлекеттік "Мәдениет қайраткері" төсбелгісінің иегері, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған.
Ол 2023 жылдың 24 қаңтарында Алматы қаласында 48 жасында дүниеден өтті.