Malim.kz
Қоғам

Сүйінші, ағайын! Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовке қатысты қуанышты хабар мәлім болды

Мадияр Қапанбек
instagram.com/bagdat.ashimova. Суретте: Асанәлі Әшімов

Алматыда "Жаңа ғасыр" театрына қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің есімі берілді. Енді мәдени ошақ ресми түрде Асанәлі Әшімов театры деп аталатын болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл шешім – ұлы актерге көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге оның бай шығармашылық мұрасын сақтау мен көпшілікке кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам. Асанәлі Әшімовтің өнердегі жолы, театр мен киноға қосқан зор үлесі және шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ұлттық мәдениеттің алтын қорына енген.

Жаңаша атауға ие болған театр алдағы уақытта дәстүр мен заманауи бағыттарды ұштастыра отырып, көрерменге сапалы әрі мазмұнды қойылымдар ұсынуды мақсат етеді.

Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасында өмірден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған сахна саңлағы ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына орасан үлес қосты.

1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген өнер иесі шығармашылық жолын М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында бастаған. Ол тек актер ретінде ғана емес, режиссер, сценарист әрі білікті ұстаз ретінде де ел жадында қалды.

Асанәлі Әшімов "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" сияқты әйгілі фильмдердегі рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорына енді. Оның жарқын бейнесі мен бай мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары