Malim.kz
Спорт

Сүйінші, ағайын! Тарихи жетістік! Қазақ жігіті Паралимпиада ойындарында чемпион атанды

Мадияр Қапанбек
Мейіржан Амангелдиев. Суретте: Ербол Хамитов

Италияда өтіп жатқан XIV қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 шақырымдық із қуу жарысында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Отандасымыз бұл қашықтықты 9 минут 39 секундта бағындырып, жарыстың жеңімпазы атанды. Күміс медальді украиналық Тарас Радь иеленді (10:00.5), ал қола жүлде қытайлық Лю Цзысюйге бұйырды (10:11.5).

Айта кетейік, бұған дейін Ербол Хамитов пара шаңғы жарысынан 1500 метрлік классикалық спринтте қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының Милан–Кортина Паралимпиадасындағы алғашқы жүлдесін сыйлаған болатын.

Бұл жарыстың финалдық кезеңінде қазақстандық спортшылар Сергей Усольцев 23-орынға, ал Юрий Березин 19-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар осы дистанцияда тұрып жарысатын спортшылар арасында Александр Герлиц те финалдық бәсекеде өнер көрсетпек. Оның жарысы Астана уақытымен 17:25-те тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, XIV қысқы Паралимпиада ойындары Италияда өтіп жатыр. Биылғы додада 665 паралимпиадашы алты спорт түрі бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан құрамасының сапында шаңғы жарысы мен биатлонда жеті спортшы ел намысын қорғауда. Жарыстар 15 наурызда аяқталады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары