Өскемен қаласында дүкеннің ашылуы кезінде тегін палау таратылып, соның салдарынан адамдар арасында талас-тартыс пайда болды. Аталған жағдай туралы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты қала әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, оқиға 11 сәуір күні болған. Жарияланған кадрларда дүкен ғимаратының алдында көп адамның жиналғаны, соның салдарынан қысылыс туындағаны көрінеді. Белгілі болғандай, бұл жерде жаңа аяқ киім дүкені ашылған. Ашылу құрметіне аяқ киімдер төмен бағамен сатылып, келушілерге тегін палау таратылған көрінеді.
Әкімдікте атап өткендей, ашылу рәсімі мен акция жергілікті атқарушы органдармен келісілмей және қолданыстағы заңнаманы өрескел бұза отырып өткізілген екен.
"Осы әрекеттердің нәтижесінде адамдардың бақылаусыз әрі ұйымдастырылмаған жаппай жиналуы орын алып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына және азаматтардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнді", – деп хабарлады әкімдік.
Кейін аталған оқиға бойынша полиция тексеру жүргізіп, жиналған материалдарды қарау қорытындысы бойынша ұйымдастырушыларға айыппұл салғаны белгілі болды.