Жарты ғасыр күткен көпір Республика күніне орай салтанатты түрде қолданысқа беріліп, Шығыстың жұрты зор қуанышқа кенелді. Бұл тарихи оқиғаны атап өту үшін күршімдіктер дүбірлі той жасады.
- Қаншама азаматтарымыз өлара кезінде, мұз қатаймағанда немесе қызыл су жайылғанда тәуекелге бел байлап, боздақ болып су астына кетіп еді. Енді ондай құрбандар болмайтын шығар. Көпіріміз бізді ұзағынан қуандырсын. Бұл біздің аталарымыз, әкелеріміз көре алмай кеткен қымбат көпір. Мен сонау Астанадан туған-туыстарыммен, халқыммен қуанышты бөлісейін деп арнайы келіп қалдым. Барлығымызға осы көпір құт-береке әкелсін. Мынандай ғаламат көпір - Қазақстандағы ең алғашқы көпір, - дейді Астанадан ат терлетіп келген Марғұлан Қалиев.
- Ес білгелі, әйтеуір, пароммен өтіп жүрміз ғой. Өмір бойы аңсадық қой көпірден қашан өтеміз деп. Қыста мұздың үстінен өтетінбіз, жазда – пароммен. Арман орындалып, қуанышты болып жатырмыз. Көпірдің ашылу тойын көруге Өскеменнен келдік, - деді Күршімнің тумасы Жұмабек Найманчалов.
- Кезінде Күршімде арқанмен өткізетін қол паромы болған. Кейін осы қазіргі паромды көрдік. Енді, міне, жаңа көпірге ие болдық. Көпірді салып бергендерге рақмет, көп жасасын! – дейді Күршім ауылының тұрғыны Сақыпжамал Қондыбаева.
— Ұлттық мереке Республика күніне орай тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Бұл көпір Президенттің арнайы тапсырмасымен салынды. Бүгін облыстағы бірнеше ауданды байланыстыратын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір ашылды. Жаңа көпір тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздегі өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлік пен туристік салалардың дамуына ерекше серпін береді деп сенемін. Айта кетерлік жайт, бұл көпірді салуға бірде-бір шетелдік компания тартылған жоқ. Көпірді «ОблШығЖол» ЖШС тұрғызды. Берекелі бірлік пен ынтымақтың, әрбір азаматтың еңбегінің арқасында еліміз табысты дамуда, – деді аймақ басшысы.
Ермек Көшербаев сондай-ақ мұндай ауқымды жоба жүздеген қазақстандық инженерлер мен құрылысшылардың еңбегінің арқасында жүзеге асырылғанын атап өтті. Олар осындай күрделі техникалық міндеттерді орындауға және шетелдік мамандармен бәсекелесуге қабілетті екенін дәлелдей алды дейді әкім.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі көпірдің құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтарды марапаттады. Абай облысы әкімінің кеңесшісі Азамат Қасым, «Күршім» паромының капитаны Алтай Бердікпаев, аға капитаны Серік Нүкетаев және басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов алғыс хаттармен марапатталды.
- 2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне Күршім өткелі туралы мақала жарияланды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли осы мақаланы Мемлекет басшысына жеткізді. Президент өзекті мәселеге назар аударып, бірден облыс әкімдігіне тапсырма берді. Міне, бес жыл ішінде, яғни қысқа мерзімде осындай тамаша көпір пайдалануға беріліп отыр. Құтты болсын! – дейді белгілі журналист, қазір Абай облысы әкімінің кеңесшісі Азамат Қасым.
Ауданның құрметті азаматтарының алғыс сөздерінен кейін ақсақалдар бата берді.
«Өлі разы болмай, тірі байымас» демекші, осы Бұқтырма су қоймасындағы өткелде суға кетіп, қаза тапқандардың рухына құран бағышталып, ас берілді. Ас беру аудан жұртшылығының қаражаты есебінен өткізілді. Бұл шараға бес мыңнан астам халық жиналыпты. Сол жерде ақ түйе сойылып, еті көп балалы және аз қамтылған отбасыларға таратылды.
- Мен Шығыс Қазақстанның барлық тұрғындарын Республика күнімен және осы көпірдің ашылуымен құттықтаймын. Баршаңызды өз әндеріммен шын жүректен қуантуға дайынмын. Барлықтарыңызға бейбітшілік пен амандық тілеймін, - деді қазақстандық эстрада әншісі Бейбіт Қорған.