Сыйға алған гүлдің әдемі қалпын ұзақ сақтағанын қалаймыз. Бірақ оны суға салып қою жеткіліксіз. Вазаның тазалығы, сабақтың қалай кесілгені, тіпті гүлдің тұрған жері де маңызды, деп хабарлайды Malim.kz. Ұлыбританияның Корольдік бағбандық қоғамы мен Interflora мамандарының кеңестерін ұсынамыз.
1. Гүлді таза вазаға салыңыз
Гүлді орналастырмас бұрын вазаны сабынды сумен жақсылап жуып, шайыңыз. Түбінде бұрынғы гүлден қалған қалдық болмауы керек. Содан кейін таза су құйыңыз. Гүлшоқпен бірге арнайы қоректік қоспа берілсе, оны қаптамасындағы нұсқаулыққа сай қосыңыз.
2. Сабақтың ұшын жаңартып кесіңіз
Гүлді суға салмас бұрын сабақтың ұшынан шамамен екі сантиметр қиып алыңыз. Өткір әрі таза құрал қолданыңыз: мұқалған қайшы сабақты жаншып, судың сіңуін қиындатуы мүмкін. Раушан секілді сабағы қатты гүлдерді қиғаштап кесуге болады.
3. Суға тиіп тұратын жапырақтарды алыңыз
Сабақтың суға бататын бөлігіндегі жапырақтарды алып тастаңыз. Суда қалған жапырақтар шіріп, судың тез бұзылуына себеп болады. Барлық жапырақты жұлу қажет емес, тек су деңгейінен төмен тұрғандарын тазаласаңыз жеткілікті.
4. Суды екі күн сайын ауыстырыңыз
Вазадағы судың деңгейін күнде тексеріп, азайса толықтырып тұрыңыз. Ал екі күн сайын суды ауыстырып, сабақтың ұшын аздап қайта кесіңіз. Су лайланып немесе жағымсыз иіс шыға бастаса, белгіленген уақытты күтпей, вазаны жуып, суын жаңартыңыз. Солған гүлдерді де алып тастаған дұрыс.
5. Батарея мен жеміс салынған ыдыстан алыс қойыңыз
Гүлшоққа күн тікелей түспейтін, салқындау орын таңдаңыз. Оны жылу батареясының жанына немесе жел өтінде қалдырмаңыз. Жеміс салынған ыдыстан да алыс ұстаған жөн: кейбір жемістер бөлетін этилен газы гүлдің тез қартаюына әсер етеді.