Malim.kz
Қоғам

Шымкентте 10 күн бұрын жоғалған жасөспірім табылды

Арман Қайыпхан
Фото: ІІМ

Түркістан облысында жоғалып кеткен 15 жастағы Хасен Мардан Ғалымжанұлы полицияның жедел әрекетінің арқасында Шымкент қаласынан аман-есен табылды, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 наурыз күні жасөспірім Ордабасы ауданындағы үйінен шығып, Түркістанға серуендеуге кеткен. Осыдан кейін жақындарымен байланысқа шықпай, жоғалып кеткен.

Аталған дерек бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру шараларын бастады. Іздеуге тәжірибелі жедел қызметкерлер тартылды.

Ата-анасының айтуынша, баланың телефоны үйде қалған, бұл оның жоғалып кетуіне алаңдаушылық тудырған.

Полицейлер жасөспірімнің жүрген бағытын анықтау үшін бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерттеп, Түркістан қаласын толық тексерді. Кейін іздеу жұмыстары көршілес мегаполисте жалғасты.

Нәтижесінде 15 жастағы жасөспірім Шымкент қаласынан табылып, полиция қызметкерлері оны ата-анасына табыстады.

Полиция өкілдері іздеу жұмыстарына көмектескен бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті тұрғындарға алғыс білдірді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары