Шымкентте жол-көлік оқиғасы жаппай төбелеске ұласып, соның салдарынан қала тұрғыны қаза тапты. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі адам өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жол-көлік оқиғасы 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал шығып, оған үшінші көлікпен келген адамдар қосылған. Төбелес барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Олардың бірі кейін ауруханада көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін полиция жол апатынан кейін ер адамды өлтіруге қатысы бар күдіктілерді іздестіріп жатқанын хабарлаған еді.
Шымкент полициясы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамды анықтап, ұстады.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасуда, — деп хабарлады полиция.
20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Бұл дерек бойынша «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілерді анықтау және ұстау үшін департаменттің барлық күш-құралы жұмылдырылды. Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде, — деп мәлімдеді полиция.
Еске салсақ, бұған дейін желіде төбелеске қатысты болуы мүмкін видео тараған. Кадрларда ер адамның дауысын естуге болады, ол қатысушыларды сабырға шақырады, алайда олар мән бермей, жанжалды жалғастырады. Төбелеске қатысушылардың бірінің қолынан пышақ байқауға болады.