Malim.kz
Қоғам

Шымкенттің экс-шенеуніктеріне қатысты іс тағы созылуы мүмкін: тергеу кемшіліктері жойылмаған

Айбын Атабай
Жамбыл облысы ӨКҚ, Шымкент әкімдігі

Тараз қалалық №2 сотында Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі Арман Әбдешов пен Тұрғын үй басқармасының экс-басшысы Нұрбол Жүнісбековке қатысты қылмыстық іс қайта қаралып жатыр. Олар бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Алайда қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, осы жылдың ақпанында тергеудегі кемшіліктерді жою үшін прокуратураға қайтарылған іс материалдары сотқа еш өзгеріссіз қайта түскен.

Сот отырысында адвокаттар жиналған дәлелдердің заңдылығына күмән келтіріп, істегі бірқатар қайшылықтарды атады. Олардың сөзінше, айыптаудың негізгі дәлелі саналатын сараптаманы жүргізген маманның қажетті лицензиясы болмаған әрі ол іске қатысы бар мекемемен бәсекелес ұйымда жұмыс істеген.

Сондай-ақ қорғаушылар тергеу барысында заң талаптарының бұзылғанын, ал кейбір қорытындылардың кейін қабылданған нормативтік талаптарға сүйеніп жасалғанын алға тартты. Егер бұл заңбұзушылықтар расталса, іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі саналатын аудиторлық қорытынды жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Еске салсақ, Арман Әбдешов пен Нұрбол Жүнісбеков 2025 жылы ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған болатын.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары