Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Sky News телеарнасына берген сұхбатында Ресеймен бейбіт келісім аясында территориядан бас тарту Украина үшін мүлде мүмкін еместігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, әділ бейбітшілік тек қақтығыстар қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатылған жағдайда және кейін келіссөздер басталған кезде ғана орнауы мүмкін.
Сырскийдің сөзінше, майдан бойында 700 мыңнан астам ресейлік әскер шоғырланған, ал Ресей тәулігіне шамамен 1000-1100 адамын (қаза тапқан немесе жараланған) жоғалтып отыр.
«Біздің басты міндетіміз – жерімізді, елімізді және халқымызды қорғау. Әрине, біз үшін жай ғана берілу немесе территориядан бас тарту мүлде қабылданбайды. Жерімізді беру деген не? Біз дәл осы жерімізді бермеу үшін соғысып жатырмыз», – деді ол.
Сырский дипломатиялық талпыныстар сәтсіз болса, Украина әскері шайқасты жалғастыра беретінін және қазіргі жағдайда бүкіл Еуропаның тағдыры қыл үстінде тұрғанын атап өтті.
«Барлық соғыстар бір күні аяқталады. Әрине, біз бұл соғыстың да аяқталғанын қалаймыз. Ол аяқталған кезде әділ бейбітшілік орнауы тиіс. Менің түсінігім бойынша, әділ бейбітшілік – алдын ала шартсыз, территориядан бас тартусыз бейбітшілік», – деді бас қолбасшы.
Оның сөзінше, «қазіргі кезеңде Ресей әскері майданның бүкіл бағыты бойынша алға жылжуға тырысып жатыр».