Malim.kz
Қоғам

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға Ираннан кетуді ұсынды

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иран Ислам Республикасына баруға қатысты ұсынымдар жариялады, деп хабарлайды Malim.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Иран төңірегіндегі ахуалдың әлі де шиеленісті болуына байланысты СІМ Қазақстан азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін бұл елге барудан уақытша бас тартуға кеңес береді.

«Қазіргі уақытта Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына елден кетуді, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын күшейтіп, барынша қырағылық пен сақтық танытуды, жаңалықтарды қадағалап, жергілікті билік органдарының ұсынымдарын қатаң ұстануды ұсынамыз», – делінген таратылған мәлімдемеде.

Сонымен қатар, министрлік азаматтарды Таяу Шығыс елдеріне сапар жоспарлау кезінде қазіргі жағдайды және оның күрт ушығу ықтималдығын ескеруге шақырды.

Ирандағы Қазақстанның дипломатиялық мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп жатқаны хабарланды. Қосымша және жедел ақпарат алу үшін Ирандағы қазақстандықтар мен олардың Қазақстандағы туыстары үшін байланыс желілері ашылған.

Не болды

Ираннан кету туралы ұсынымдар өңірдегі геосаяси ахуалдың ушығуына және тікелей әскери қақтығыс басталу қаупіне байланысты берілді. Негізгі қауіп – Женевада өткен ядролық келіссөздердің кезекті раунды қандай да бір келісімдерге әкелмегеннен кейін Иран мен АҚШ арасында зымырандық соққылар алмасу ықтималдығы.

Сыртқы қатермен қатар, ел ішінде де ауқымды наразылықтар күшейіп, шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыстар болып, байланыс арналары бұғатталып жатыр.

Көптеген халықаралық әуе компаниялары Тегеран қаласына рейстерін алдын ала тоқтата бастады. Бұл елден заңды түрде шығуды айтарлықтай қиындатады. Әскери жағдай енгізілу қаупі де бар, мұндай жағдайда азаматтық инфрақұрылым мен банк жүйесінің жұмысы толықтай тоқтауы мүмкін.

20 ақпанда Дональд Трамп Иранға ядролық бағдарлама бойынша келісім жасау үшін «10–15 күн» мерзім беретінін мәлімдеп, егер Тегеран бұл үндеуге құлақ аспаса, «жаман нәрсе болады» деп ескерткен.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары