Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты Қырғызстан астанасында 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Ел Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов ресми түрде Бішкек тұрғындарын бұл күндерді мүмкіндігінше Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында өткізуге шақырды.
Ол Қырғызстанға алғаш рет 21 мемлекет басшысы бір уақытта келетінін, олардың кейбірі ресми мемлекеттік сапармен келетінін атап өтті. Бішкекте үш күн бойы жолдар жиі жабылып, қолайсыздық тудыруы мүмкін.
"Мектеп оқушылары мен университет студенттері үшін сабақ 15 қыркүйектен басталады. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін Бішкекке асығыс оралудың қажеті жоқ. Қырғызстан тұрғындары демалыстарын 15 қыркүйекке дейін алдын ала жоспарлай алады", — деп қосты ол.
Айта кетейік, Қырғызстан биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының айналмалы төрағалығын иеленіп, ШЫҰ саммитін өткізуге дайындалып жатыр.