Әнші Қайрат Нұртастың жары, танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әйелдердің қауіпсіздігі, отбасындағы жауапкершілік пен адамгершілік мәселесіне қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі соңғы уақытта елде болып жатқан қайғылы оқиғаларды қабылдау қиын екенін айтып, қоғамда әр адамның жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.
"Соңғы уақытта жаңалықтар легін қарай алмай жүрмін. Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан. Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?" – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Актриса мұндай жағдайларға бір ғана тарапты кінәлаумен мәселе шешілмейтінін жеткізді. Оның пікірінше, мәселенің түп-төркіні адамның ар-ұяты, жауапкершілігі мен мейіріміне байланысты.
"Мен бұған тек тәрбиесіз, білімсіз ер адам кінәлі демеймін. Ерте тұрмыс құрған бойжеткенді де кінәламаймын. Қатыгез қоғамды ғана айыптағым келмейді. Меніңше, мәселе – әр адамның адамдық межесінде", – деді ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова қоғам әр адамнан, әр отбасыдан құралатынын айтып, болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамауға шақырды. Ол ата-ананың балаға тәрбие беруінен бастап, әр азаматтың өз әрекетіне жауап беруіне дейінгі мәселелер қоғамның өзгеруіне әсер ететінін атап өтті.
"Әр ана ұлы мен қызына адамдық пен мейірімді үйретсе, әр ер азамат өз әрекетіне жауап берсе, әр әйел өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қараса, әр шенеунік атқарып отырған қызметін аманат деп түсінсе, қоғам да біртіндеп өзгерер ме еді?" – деп жазды актриса.
Сөз соңында Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамға заң да, білім де, тәрбие де қажет екенін, алайда адам ең алдымен жауапкершілікті өзінен бастауы керектігін айтты.
"Заң керек. Білім керек. Тәрбие керек. Бірақ олардың бәрінен бұрын әркім өзінен былай сұраса екен: менің Адамдық межем қандай?" – деп түйіндеді ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова кім?
Жұлдыз Әбдікәрімова – қазақстандық театр және кино актрисасы, көпшілікке әнші Қайрат Нұртастың жары ретінде де жақсы таныс. Ол 1988 жылғы 14 сәуірде дүниеге келген.
Ашық деректерде оның туған жері Астана қаласы деп көрсетіледі. Жұлдыз актерлік мамандықты таңдап, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Өзінің бұрынғы сұхбаттарының бірінде ол Қайрат Нұртаспен өнер саласында білім алып жүрген жылдары танысқанын айтқан. Кейін екеуі шаңырақ көтеріп, бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отыр.
Оқу орнын аяқтағаннан кейін Жұлдыз Алматыдағы Жастар театрында екі жыл еңбек етіп, кәсіби сахнада тәжірибе жинақтады. Алайда отбасын құрғаннан кейін біраз уақыт шығармашылықтан алыстап, негізінен бала тәрбиесі мен отбасына көңіл бөлді. Оның өзі де бірнеше сұхбатында ұзақ үзілістен кейін өнерге қайта оралғанын айтқан.
Жұлдыз Әбдікәрімованың кино саласындағы кеңінен танылған жұмыстарының бірі – 2017 жылы жарық көрген "Арман: Періштелер ұйықтағанда" фильмі. Бұл туындыда ол Қайрат Нұртаспен бірге басты рөлдердің бірін сомдап, қалың көрерменге актриса ретінде кеңірек танылды. Фильм кейін Қазақстаннан тыс жерлерде де көрсетіліп, 2018 жылы АҚШ көрерменіне ұсынылды. Жұлдыз бұдан кейін тележобаларға қатысып, жүргізушілік бағытта да өзін сынап көрді. Шығармашылыққа қайта оралуы оның театр сахнасындағы жаңа жұмыстарына да жол ашты.
2020 жылы ол Қазақстан атынан "Әлем ханымы – 2020" халықаралық байқауына қатысып, пандемияға байланысты онлайн өткен сайыста бақ сынады. Байқаудан кейін жарияланған сұхбатта Жұлдыз "Әлем ханымы – 2020" жеңімпазы ретінде таныстырылып, сайысқа 86 елдің өкілі қатысқаны айтылған. 2021 жылы актриса Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы "Махаббат мұнарасы" қойылымында Сұлу рөлін сомдады. Ол бұл рөлге кастинг арқылы бекітілгенін және бұған дейін осы театрдың "Бөрте" спектакліне де шақырту алғанын айтқан.
Кейінгі жылдары Жұлдыз Әбдікәрімова театр мен кино саласындағы шығармашылық жұмысын жалғастырып, 2024 жылы Түркістанда қойылған "Ромео мен Джульетта" спектакліне шақырылған белгілі актрисалардың қатарында болды.