Malim.kz
Қоғам

Таяу шығыстағы жағдай: Жиддадан 343, Оманнан 467 азамат елге жеткізіледі

Айбын Атабай
freepik

Ертең, 4 наурызда Сауд Арабиясының Жидда қаласынан 343 отандасымызды елге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ертең Жиддадан Қазақстанның 343 адамы жеткізіледі. Бұл — ұшып келетін алғашқы топ, — деді министр орынбасар Үкімет отырысынан кейін.

Оның мәліметінше, ең алдымен тізімге әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар, 60 жастан асқан азаматтар, сонымен қатар нақты бір ауруы бар тұлғалар енгізілген.

Балалардың жалпы санын қазір айта алмаймын. Өйткені, әлі толық жасақталып болған жоқ. Біз адамдарымызды Жидда мен Маскат қаласына шоғырландырып жатырмыз. Олар бортқа отырғаннан кейін ғана нақты саны белгілі болады, — деді Әлібек Бақаев.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты шамамен 5 мың қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Жалпы саны шамамен 5 мың жолаушы деп айта аламыз, бірақ бұл көрсеткіш үнемі өзгеріп отырады. Алғашқы эвакуациялық FlyDubai рейсі ұшып шықты. (...) Бүгін Дубайдан азаматтарымыз отырған алғашқы автобустар колоннасы жолға шықты. Күн соңына дейін Оман сұлтандығынан 467 Қазақстан азаматын елге қайтаруды жоспарлап отырмыз, – деді Бақаев үкіметтегі брифингте сейсенбі күні.

СІМ өкілінің айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқан, басқа әуе компаниялары рейстер орындамай отыр. Алайда өз әуе компанияларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға рұқсат берілген.

Кеше орындалған рейс FlyDubai компаниясының шешіміне сәйкес жүзеге асты. Бұл – 28 ақпан, 1 және 2 наурыз күндері ұша алмаған, билеттерін алдын ала сатып алған Қазақстан азаматтарына арналған рейс», – деп түсіндірді Бакаев.

СІМ мәліметінше, қазақстандықтардың бір бөлігі транзит аймағында билетсіз қалып қойған. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар аумағында тұрып жатқан азаматтар да бар.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары