Malim.kz
Әлем

Таиланд COVID-19 өршуі туралы ақпаратты жоққа шығарды

Алуа Әшірбекова
Фото: Canva

Жуырда бірқатар ресейлік БАҚ Таиландтың Пхукет аралында COVID-19 қайта өршіп, туристер мен елде уақытша тұрып жатқан шетелдіктер ауруды ауыр өткеріп жатқаны туралы ақпарат таратты. Алайда Таиланд Денсаулық сақтау министрлігінің Ауруларды бақылау департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Tengrinews.kz мәліметінше, Пхукеттегі жағдай төтенше сипатқа ие емес. Коронавирус айналымда болғанымен, қазіргі өсім маусымдық сипатта және науқастардың басым бөлігінде ауру жеңіл өтеді.

The Phuket News мәліметінше, 31 тамыздағы жағдай бойынша Пхукетте 100 мың тұрғынға шаққанда 514,85 COVID-19 жағдайы тіркелген. Осы көрсеткіш бойынша провинция Таиландта үшінші орынға шықты. Бірінші орында Бангкок - 100 мың адамға 643,65 жағдай, ал екінші орында Чонбури провинциясы - 530,52 жағдай.

Мамандар Пхукеттегі көрсеткіштің жоғары болуын аралдың туристік бағыт ретінде танымал болуы және халық тығыздығымен байланыстырады. Туристер саны көп болғандықтан, инфекцияның таралу қарқыны тұрақты тұрғындар санына шаққанда жоғары көрінуі мүмкін.

Қазір Таиландта Омикрон тобына жататын коронавирус нұсқалары таралып жатыр. Елде ең жиі анықталып отырған подвариант - NB.1.8.1. Ол эпидемиологиялық бақылау барысында анықталған жағдайлардың 50,14 пайызын құраған. Бұл нұсқа Таиландта 2025 жылдың ортасынан бері тіркеліп келеді.

Таиландтың денсаулық сақтау органдары NB.1.8.1 нұсқасының ауруды ауыр өткізетініне дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Бақылау деректеріне сәйкес, науқастардың көпшілігінде белгілер кәдімгі суық тиюге ұқсайды.

Әлемдегі жағдай да мамандардың бақылауында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенген Қазақстанның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы көптеген елде SARS-CoV-2 тестілерінің оң нәтиже көрсету үлесі төмен әрі тұрақты екенін хабарлады.

Дегенмен Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінде, Оңтүстік-Батыс Еуропада, сондай-ақ Солтүстік Еуропа мен Батыс, Оңтүстік және Шығыс Азияның кейбір мемлекеттерінде оң нәтижелі тесттердің үлесі 10 пайыздан жоғары.

Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2026 жылдың басынан бері елде COVID-19-дың 87 расталған жағдайы тіркелген. Аурудан қайтыс болғандар жоқ.

Мамандардың мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,7 есе төмендеген. Қазір республика бойынша аптасына орта есеппен 15-ке дейін жағдай анықталады.

Қазақстанда да Омикрон нұсқасының штамдары айналымда. Елде COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіліп, әлемдегі ахуал да тұрақты бақылауда.

Мамандар респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болуға, қолды жиі жууға және үй-жайларды жүйелі түрде желдетуге кеңес береді. Ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге жүгінген жөн.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары