Malim.kz
Қоғам

"Талай көз жастан кейінгі қуанышымыз": Сәкен Бибосынов ұлды болды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов ұлды болғанын сүйіншіледі. Спортшы осы қуанышқа жеткенше отбасының басынан өткен ауыр сынақтары туралы да ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Боксшы Instagram парақшасында үш перзентінен айырылғанын, соған қарамастан жұбайымен бірге үмітін үзбей, сәби күткенін жеткізді.

"АЛЛАҒА ШҮКІР... БІЗ ҰЛДЫ БОЛДЫҚ!

Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен...

Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық... Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар...

Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық.

Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей...

Алланың қалауымен ұлды болдық!

Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт.

Біз өткенді ұмытпаймыз. Жүрегімізде үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар... Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір – бір кем дүние...

Уа, Аллам! Бізге берген осы аманатыңа шексіз шүкір! Ұлымыздың ғұмырын ұзақ, денін сау, иманын берік етіп, қайырлы азамат болуын нәсіп ет!

Перзент аңсап жүрген барлық ата-ананың дұғасын қабыл етіп, шаңырақтарына сәби күлкісін нәсіп етсін!", – деп жазды спортшы.

Желі қолданушылары боксшының отбасын қуанышымен құттықтап, сәбидің бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын деген ақ тілектерін жаудырды.

Сәкен Бибосынов кім?

Сәкен Ісмадиярұлы Бибосынов – қазақстандық боксшы, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Ол 1997 жылы 3 шілдеде Өзбекстанның Бостандық ауданында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа қызығып, 13 жасында Қазақстанға қоныс аударған. Алдымен Қызылордадағы мектеп-интернатта білім алып, кейін қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданында жаттыққан.

Сәкеннің Қазақстандағы алғашқы бапкері – Қадырбек Қуатбеков. Болашақ чемпионның отбасы Өзбекстанда қалғандықтан, ол бірнеше жыл бапкерінің үйінде тұрған. Кейін Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен шеберлігін шыңдаған.

2015 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен. 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, халықаралық деңгейде танылды.

2021 жылы Токио Олимпиадасында 52 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды. Сол жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатының финалында америкалық Роско Хиллді жеңіп, алғаш рет әлем чемпионы болды.

2022 жылы Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді. 2024 жылы Париж Олимпиадасына қатысып, ширек финалға дейін жетті.

2025 жылы кәсіпқой бокста да бағын сынай бастады. Сол жылдың желтоқсанында Дубайда өткен IBA әлем чемпионатының финалында 54 келіге дейінгі салмақта ресейлік Вячеслав Рогозинді 5:2 есебімен жеңіп, екінші рет әлем чемпионы атанды.

Спорттағы жетістіктері мен ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғағаны үшін 2021 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.

Боксшы жеке өмірі туралы көпшілікке жиі айта бермейді. Ал соңғы жазбасында үш перзентінен айырылғанын және ұзақ күткен ұлының дүниеге келгенін көпшілікке жеткізді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары