Malim.kz
Қоғам

Талғардағы резонансты іс: Полиция қызметкері 5 жылға сотталды

Арман Қайыпхан
Фото: ІІМ

Талғарда зорлады деп арыз жазған қыздың арызын елемеген полиция қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлмира Сембаеваның айтуынша, бүгін  Мақпал Мұсабайға қатысты сот үкімі жарияланып, сот залынан қамауға алынды. Бірақ Хамитовқа сот іздеу жариялады, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Сот Мақпал Мұсабайды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы («Қызметтегі әрекетсіздік») және 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынды.

Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте және белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, әскери атағынан, капитан шенінен айырылды.

Ал Хамитовқа қатысты үкімді жариялау 28 шілдеге жоспарланған болатын. Алайда ол сотқа келмегендіктен, отырыс кейінге қалдырылған.

Келесі күні сот тергеуі қайта жалғасып, мемлекеттік айыптаушы Хамитовқа қатысты қылмыстық істі жеке өндіріске бөлуді және оған іздеу жариялауды сұраған. Прокуратураның мәліметінше, 27 шілде күні кешке Хамитов Қазақстаннан шығып, мемлекеттік шекараны кесіп өткен. Алдын ала ақпарат бойынша, ол Түркияның Анталия қаласына ұшып кеткен.

Осыған байланысты Хамитовқа қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, оған іздеу жарияланды. Сонымен қатар бұлтартпау шарасы сырттай қамауға алу түріне өзгертілді.

«Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Аталған баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сондықтан сот оны кінәлі деп таныған жағдайда, судья осы мерзім шегінде жаза тағайындайды. Оған қатысты іс бойынша сот талқылауы тек ұсталып, сотқа жеткізілгеннен кейін ғана жалғасады. Іс соттың қарауына сол кезде жолданады. Қазіргі уақытта үкім тек Мұсабаеваға қатысты шығарылды»,  деді Гүлмира Сембаева.

Бүгін сот жарыссөзі қайта өтіп, мемлекеттік айыптау тарабы, қорғаушылар сөз сөйледі. Соңғы сөзді сотталушы Мақпал Мұсабай айтты. Осыдан кейін судья кеңесу бөлмесіне кетіп, кейін айыптау үкімін жариялады.

Еске салайық, 2025 жылғы 6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызыл-Қайрат ауылында ер адам кәмелетке толмаған екі сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиен қызын ұрлап кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы босатып, анасына қайтарды, ал негізгі күдікті ұсталды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары