Malim.kz
Қоғам

"Тар қапастағы бейкүнә періште": 21 жастағы қазақ қызы Қытай түрмесіне қалайша түсіп қалды?

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай түрмесінде отырғанына он жылдан асты. 2014 жылдың көктемінде ол Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылғаны хабарланған, деп хабарлайды Malim.kz.

Қытай соты қазақстандық студентті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Алайда қорғаушылар бойжеткеннің алданғанын, нигериялық есірткі тобының құрбаны болғанын айтып келеді. Осы мәселені Masa.media басылымы қайта саралап, оны Қазақстанға қайтарудың құқықтық мүмкіндіктерін талдаған.

Оқиға қалай басталды?

Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы 21 ақпанда Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін педагогикалық университетке түсіп, Алматыға көшеді.

21 жастағы студент құрбысы Динарамен бірге тұрған. Құрбысы Қытайдан брендтік киімдер әкеліп сатумен айналысқан. Ақжарқын да осы кәсіпке қызығып, 2014 жылдың наурыз айында Қытайға жолға шыққан. Бұл – оның шетелге алғаш рет шығуы еді.

Алғашында ата-анасымен Skype арқылы хабарласып тұрған. Алайда көп ұзамай байланыс үзілген. Кейін белгілі болғандай, ол Гуанчжоу әуежайында ірі көлемде есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталған.

Чемоданда не болған?

Қорғаушылардың мәліметінше, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна Ақжарқынмен байланысқа шығып, Гуанчжоудан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізуді өтінген.

Кедендік тексеріс кезінде дәл сол жүктен 4,5 келі амфетамин табылған. Ақжарқын қамауға алынып, бір жылдан кейін сот үкімі шығып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

"Нигериялық мафияның құрбаны"

Ақжарқын өз кінәсін мойындамайды. Ол чемоданда есірткі бар екенін білмегенін айтады. Адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов те студенттің халықаралық есірткі желісінің құрбаны болғанын мәлімдеген.

Ұқсас схема бойынша ТМД елдерінің бірнеше азаматы алданғаны айтылған. БАҚ-та ресейлік Мария Дапирканың ісі де мысалға келтіріледі: ол Вьетнамда өмір бойына сотталғанымен, 11 жыл күрестен кейін бостандыққа шыққан.

Он жыл тар қапаста

Ақжарқынның ата-анасы адвокаттарға және сапарларға кететін шығынды өтеу үшін бар мүлкін сатуға мәжбүр болған. Анасының айтуынша, Қытай түрмесінде сотталған адам тамақ үшін қосымша қаражат төлеуі керек.

Ақпараттарға сәйкес, осы жылдар ішінде Ақжарқын қытай тілін меңгерген. Түрмеде йога және ағылшын тілінен сабақ беріп жүргені де айтылған.

Елге қайтару мүмкін бе?

Туыстары, адвокаттары және қазақстандық дипломаттар экстрадиция мәселесін бірнеше рет көтерген. Алайда Қытай тарапы өмір бойына сотталған адамды беруден бас тартқан.

Қазақстан тарапы үмітін үзген жоқ. Егер Қытай соты жазаны нақты мерзімге қысқартса, оны Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі туындауы ықтимал. 2025 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта жұмыс жүргізілгенін мәлімдеген. Қазір іс Бас прокуратураның қарауында.

Сонымен қатар Қазақстан ІІМ бірнеше жылдан бері Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаға қатысты экстрадиция мәселесін көтеріп келеді. Оған Қазақстанда есірткі айналымы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры – халықаралық есірткі трафигімен байланысты күрделі әрі даулы іс. Он жылдан астам уақыт өтсе де, оның отбасы қыздарын елге қайтарудан үміт үзбей отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары