Malim.kz
Қоғам

Таразда көлік сату орталығының менеджері 334 млн теңге жымқырған

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Таразда автосалонның топ-менеджері клиенттер мен компанияға тиесілі 334 млн теңгені жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Еліміздің Бас прокуратурасы мәліметінше, 25 жастағы қала тұрғыны автосалонда сату бөлімінің басшысы болып жұмыс істей жүріп, клиентті алдаған. Ол 90 млн теңге тұратын жол талғамайтын көлікті жаңасына айырбастап беремін деп уәде беріп, көлікті сатып жіберген. Ал түскен қаржыны жеке қажетіне жұмсаған. Кейін клиентке автосалонға тиесілі 83 млн теңге тұратын жаңа көлікті басшылықтың рұқсатынсыз берген.

Сондай-ақ ол автосалонға сатуға қойылған құны 68 млн және 34 млн теңге болатын жол талғамайтын көліктерді де сатып, ақшасын иемденіп алған. Бұдан бөлек, автосалонға тиесілі 59 млн теңге тұратын Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен сатқан.

Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырған. Бұл жаза ең төменгі шектен (7 жыл) аз болып белгіленген, себебі оның жасы жас әрі кінәсін ішінара мойындағаны ескерілген.

Алайда прокурордың наразылығынан кейін кассациялық сот үкімді қайта қарап, жаза мерзімін 8 жылға дейін ұлғайтты. Бұған келтірілген шығынның өтелмеуі себеп болған көрінеді. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары