Malim.kz
Қоғам

"Тастап кетейін десең, қимайсың": Төреғали Төреәлі әйелі туралы күтпеген жазба жариялады

• Мадияр Қапанбек
Төреғали Төреәлі мен Толқын Тұрарбекқызы. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Танымал әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты ойын бөлісті. Өнер иесінің әйелдер туралы жазған сөздері көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші Threads парақшасында ер адамның өміріндегі әйелдің орны туралы пікір білдірген.

Ол көпшілікке ұнау мен бір адамның жүрегінен орын алудың арасында үлкен айырмашылық бар екенін жеткізген.

"Еркек көп әйелге ұнауы мүмкін, бірақ бір әйелдің жүрегінен орын алуы – басқа мәртебе", – деп жазды Төреғали Төреәлі.

Өнер иесі тағы бір жазбасында әйел мен ер адамның қарым-қатынасын әзіл аралас теңеумен сипаттаған. Атап айтқанда, ол әйелді ақшаға толы чемоданмен салыстырған.

"Әйел деген – ақшаға толы чемодан сияқты: ұстап жүрейін десең, ауыр, тастап кетейін десең, қимайсың", – деген әнші.

Еске сала кетейік, Төреғали Төреәлі Threads желісіндегі жазбасымен тағы да көпшіліктің назарын аударған еді.

Төреғали Төреәлі кім?

Төреғали Төреәлі – қазақстандық танымал әнші, ән авторы, ақын әрі актер. Ол қазақ эстрадасында "Ұлы дала баласы" деген лақап атпен кеңінен танылған.

Төреғали Төреәліұлы Әлиханов 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алған.

Өнер иесі шығармашылық жолын айтыстан бастаған. Студенттік жылдары түрлі ақындар айтысына қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Кейін эстрадаға бет бұрып, әншілік өнерімен көпшілікке танылды.

Төреғали Төреәлі "Отанды сүю – иманнан", "Мадина", "Сені-сені", "Бір түрлі қыз", "Алло", "Қазақ қызы" және басқа да әндері арқылы тыңдарман ықыласына бөленген.

Әнші еліміздің түрлі қалаларында жеке концерттер өткізіп, қазақ эстрадасында өзіндік аудитория қалыптастырды. Оның шығармашылығында махаббат, отбасы, туған жер және ұлттық құндылықтар тақырыбы ерекше орын алады.

Төреғали Төреәлінің жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Өнер иесі отбасылық өмірі мен балалары туралы әлеуметтік желілерде де жиі бөліседі.

Әнші шығармашылығымен қатар, әлеуметтік желідегі жазбалары мен көпшілік алдында айтқан пікірлері арқылы да қоғам назарында жүр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары