Malim.kz
Қоғам

Тауарды бөлшектеп қайтарған тұрғын сотта кәсіпкерді жеңіп шықты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Ақтауда сатып алушымен соттасқан кәсіпкер дауда жеңіліп қалды. Тұтынушы сатып алған электр жетегін бөлшектеп, кері қайтарған. Соған қарамастан сот сатушыны тауар құнын қайтаруға, өсімпұл төлеуге және моральдық зиянды өтеуге міндеттеді, деп Malim.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпкердің айтуынша, ол сот шешіміне екі рет шағымданғанымен, нәтижеге қол жеткізе алмаған.

"Сатып алушы құрылғыны бөлшектеп, оның бөлшектерін пакетке салып әкелді. Сотта да мұны жасырған жоқ. Досымен бірге ашып көргенін айтты. Енді мен неге бөлшектелген тауардың ақшасын қайтаруға міндеттімін? Маған сарапшы жалдап, құрылғының бүлінгенін дәлелдеу керектігін айтады. Сатып алушының өзі мойындап отырған жағдайды дәлелдеу үшін тағы шығындалуым керек пе?" – дейді кәсіпкер.

Ал сатып алушы құрылғының өлшемдері мен техникалық сипаттамалары өзіне қажетті талаптарға сай келмегенін, сондықтан оны пайдалана алмағанын алға тартқан.

Сатушының сөзінше, тұтынушы құрылғыны автокөлікке орнатқысы келген. Алайда кәсіпкер оған сатып алар алдында электр жетегінің автоматты қақпаларға арналғанын ескерткен.

Сатып алушы кейіннен тауардың өзі күткен талаптарға сәйкес келмейтінін айтып, сатып алу-сату шартын бұзуды және ақшасын қайтаруды талап еткен.

Сот кәсіпкерді қанша қаражат төлеуге міндеттеді?

Ақтау қаласының №2 соты істі қарау барысында сатушының тауардың бүлінгенін растайтын жеткілікті дәлел ұсынбағанын анықтаған.

Атап айтқанда, кәсіпкер маман қорытындысын, сараптама нәтижесін, тауарды тексеру актісін немесе құрылғының зақымданғанын әрі оны қайта сатуға болмайтынын дәлелдейтін өзге құжаттарды ұсынбаған.

Соттың пайымынша, құрылғының бөлшектелгені туралы уәждің өзі тұтынушы талабын қанағаттандырудан бас тартуға жеткіліксіз.

Нәтижесінде сот сатып алу-сату шартын бұзып, кәсіпкерді:

• Тауар құны үшін 75 мың теңге;

• Өсімпұл ретінде 53 250 теңге;

• Моральдық зиян үшін 50 мың теңге төлеуге міндеттеді.

Осылайша, кәсіпкерден жалпы сомасы 178 250 теңге өндірілетін болды.

Бастапқыда сатып алушы моральдық зиян үшін бір миллион теңге талап еткен. Алайда сот бұл соманы азайтқан.

Кәсіпкердің құқығын кім қорғайды?

Сатушы өз ұстанымын дәлелдеу үшін кешенді тауартану және инженерлік-техникалық сараптама тағайындауды сұрағанын айтады.

Ол SECTIONAL-1000PRO электр жетегінің қандай мақсатқа арналғанын, техникалық ақауының бар-жоғын және құрылғыны өз бетінше бөлшектеу оның жұмыс істеу қабілетіне әсер еткен-етпегенін анықтауды ұсынған.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай даулар кезінде заңгерлер мен сарапшылардың көмегіне жүгіну қымбатқа түседі. Оның үстіне талап сомасы аз істерді заңгерлердің бәрі бірдей қолға ала бермейді.

Салдарынан кәсіпкер құны небәрі 75 мың теңге болатын тауарға қатысты дауда өз құқығын қорғау үшін қосымша қаражат жұмсауға мәжбүр болғанын айтады.

"Тұтынушылардың құқығын қорғайтын қорлар мен түрлі мекемелер бар. Ал кәсіпкер кімге жүгінеді? "Атамекенге" хабарластым, бірақ сот істері бойынша көмектесе алмайтындарын айтты. Сатып алушының тауарды бөлшектегені мен оны мақсатына сай пайдаланбағаны менің құқығымды қорғауға негіз болмады. Адал кәсіпкердің мүддесін кім қорғайды?" – дейді ол.

Айта кетейік, сатып алушы автоматты гараж қақпасына арналған құрылғыны 75 мың теңгеге сатып алып, кейін сатушыдан 1,1 миллион теңгеден астам қаражат талап еткен. Бірінші сатыдағы сот оның талабын ішінара қанағаттандырған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары