Риддер қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала тұрғындары Журавлиха өзенінің жағалауын тазалауға шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, үш арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында аумақтан төрт тоннадан астам қоқыс шығарылып, тазартылды.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қанат Оралбек мұндай іс-шаралар қаланың тазалығын сақтауға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың осындай іс-шараларға белсенді қатысып жатқаны қуантады. Әр адамның қаламыздың тазалығы өзімізге байланысты екенін түсінуі маңызды, – деді ол.
Акцияға қатысушылар тұрғындарды табиғатқа ұқыпты қарауға және демалыс орындарында қоқыс қалдырмауға шақырды.