Тегеран Парсы шығанағының оңтүстігіндегі АҚШ-тың барлық әскери базаларын жоямыз деп қоқан-лоқы жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Иран Парсы шығанағының оңтүстігіндегі АҚШ-тың барлық әскери базаларын істен шығаратынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені елдің «Хатам әл-Анбия» орталық әскери штабының ресми өкілі Эбрахим Зольфагари жасады
«Соңғы 24 сағат ішінде Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері бірде-бір кеменің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне мүмкіндік берген жоқ. Жақын арада Парсы шығанағының оңтүстігіндегі барлық америкалық әскери базалар істен шығарылады», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Зольфагари Ислам Республикасы билігі «жаңа тәртіп» орнататынын да айтты.
Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Тегеранның АҚШ-пен қақтығыстың кез келген сценарийіне дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін CNN телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап, егер АҚШ президенті Donald Trump Иранға шабуылды қайта бастау туралы бұйрық берсе, Пентагон соққы жасалатын нысандар тізімін дайындап қойғанын хабарлаған еді.
«Біз кез келген сценарийге дайынбыз. Иран қарулы күштері 40 күнге созылған әскери іс-қимыл барысында кез келген ойсыз қадамға бар күшімізбен жауап беретінімізді көрсетті», – деді Багаи брифингте.
Оның айтуынша, Тегеран Вашингтон енгізген өзгерістерге қатысты өз ескертулерін АҚШ-қа жолдаған.
«АҚШ бұл (ирандық – ред.) жобаны қабылдамайтынын ашық мәлімдегеніне қарамастан, біз Пәкістан тарапы арқылы бірқатар ескерту мен түзетулер алдық. Ұсыныстарды қарап шықтық және кеше жарияланғандай, өз ұстанымымызды америкалық тарапқа жеткіздік», – деді Багаи.
Ол Пәкістан Тегеран мен Вашингтон арасындағы диалогта делдал қызметін атқарып отырғанын атап өтті.
«Қазір біз соғысты тоқтатуға басымдық беріп отырмыз. Ядролық мәселеге келсек, Ядролық қаруды таратпау туралы шартта қарастырылған құқықтарымыздан бас тартпайтынымызды бірнеше рет айттық. Ядролық мәселенің егжей-тегжейі талқыланған жоқ, қазір бар назарымыз соғысты тоқтатуға аударылады», – деді ол.
15 мамырда Donald Trump Иранның уран байытуды 20 жылға тоқтата тұрғаны өзін қанағаттандыратынын, алайда бұл үшін Вашингтонға Тегеранның келісімді сақтайтынына нақты кепілдік қажет екенін айтқан.
Жексенбі, 17 мамырда ирандық Fars агенттігі Вашингтон Тегеранның бейбіт ұсынысына жауап ретінде бес шарт ұсынғанын хабарлады. Олардың қатарында репарация төлеуден және бұғатталған иран активтерінің 25 пайызын да босатудан бас тарту, 400 келі уранды Ираннан шығарып, АҚШ-қа беру, ел аумағындағы ядролық нысандардың тек біреуінің ғана жұмыс істеуі, сондай-ақ әскери іс-қимылдарды келіссөз нәтижесіне қарай тоқтату талаптары бар.
Бұл тармақтардың барлығы Иран бірнеше рет АҚШ-қа жолдаған келісім жобасына қайшы келеді. Соңғы құжат нұсқасында Тегеран барлық майданда соғысты тоқтатуды, санкцияларды алып тастауды, Иран қаражатын бұғаттан шығаруды, әскери іс-қимылдан келген шығынды өтеуді және Иранның Ормуз бұғазы үстіндегі егемендік құқығын мойындауды ұсынып отыр.