Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі «Астарлы ақиқат» бағдарламасында марқұм әнші Мәдина Ералиева жайлы бұрын айтылмаған жайттарды ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Сазгердің айтуынша, көп жылдар бойы ел ішінде Мәдинаның ұлы Арсен туралы түрлі әңгімелер айтылып келгенімен, оның әкесі жайлы шындық алғаш рет жария болып отыр.
"Мәдина Арсенді күлге аунап туған жоқ. Болат Атабаев – баласының биологиялық әкесі. Арсенді бәрі Мәдинаның баласы дейді, олай емес. Ол – Болат Атабаевтың баласы. Екеуі ғашық болды. Болат менің жездем болды. Мәдинаны әпке дейтінмін. Болат – үлкен аңызға айналған тұлға, қайраткер, ондай режиссер кемде-кем", – дейді Құрманәлі.
Композитор сондай-ақ Болат Атабаев пен Арсен арасындағы байланысты қайта жаңғыртуға өзі себеп болғанын да айтты.
"Бірде Мәдина Ералиеваны еске алу кешін Астанада өткізетін болдық. Арсеннің үйіне барып, шаршап, ұйықтап қалдым. Кештің режиссері Болат Атабаев болды. Басында көнгісі келмеді. Сосын "өткен шақпен сөйлеудің қажеті жоқ, балаңыз бар" дедім. Арсеннің үлкен ұлы Әлішер кішкентай еді. Қайта-қайта маған келіп, "ата" деп құшақтай береді. Бір күні Болат Атабаевты алып барып, "Әлішер, міне, атаң" деп көрсеттім. Жұрттың бәрі Мәдина Ералиеваның күйеуін көргісі келеді. Сахнаға шығып сөйлеп, режиссері ретінде Болат Атабаевты ортаға шығардым, көрсеттім. Сондықтан Арсенді айтқанда, анасы мен әкесін де бірге айту керек. Бұл – тектінің ұрпағы", – деді Құрманәлі.