Malim.kz
Қоғам

Телефон алаяқтығының жаңа түрі туралы ескерту жасалды

Арман Қайыпхан
Фото: ІІМ

Батыс Қазақстан облысының полициясы тұрғындарды телефон алаяқтығының жаңа тәсілінен сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Соңғы уақытта өзін электрмен жабдықтау ұйымдарының қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеті жиілеген.

Қаскөйлер тұрғындарға хабарласып, электр есептегіш құралын ауыстыру, тексеру немесе мерзімдік тексерістен өткізу қажет екенін айтады. Кейін SMS арқылы келген растау кодын немесе жеке деректерін сұрайды.

Осындай алаяқтықтың құрбаны 20 шілде күні облыс тұрғыны болған. Алғашында белгісіз адам өзін электр желілеріне қызмет көрсететін ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, есептегішті тексеру үшін өтінім рәсімдеу қажет екенін айтып, SMS-кодты айтқызған.

Біраз уақыттан кейін әйелге қайта хабарласқан алаяқтар бұрынғы кодтың қылмыскерлердің қолына түскенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып сендірген. Ақшаны «қауіпсіз шотқа» сақтау керек деген сылтаумен олар әйелді өз атына несие рәсімдеп, қаражатты көрсетілген шоттарға аударуға көндірген. Соның салдарынан жәбірленуші ірі көлемдегі қаржысынан айырылған.

Полиция азаматтарға күмәнді қоңырауларға сенбеуге, ешкімге SMS арқылы келген кодтарды және жеке мәліметтерді бермеуге кеңес береді. Егер осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты нақтылау қажет.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары