4 ақпанда АҚШ-тың ең ірі әрі ең көне басылымдарының бірі — The Washington Post қызметкерлерінің шамамен үштен бірін жұмыстан шығарды. The Guardian жазуынша, бұл жағдай басылымның алдағы уақытта өмір сүруіне күмән тудыруы мүмкін.
Бұл қысқарту АҚШ журналистикасы тарихындағы ең жаппай қысқартулардың бірі болды. 2023 жылдың соңындағы дерек бойынша, басылымда шамамен 2,5 мың қызметкер жұмыс істеген.
Қысқартулар ең алдымен жергілікті жаңалықтар, лайфстайл, халықаралық жаңалықтар және аудиовизуалды контент бөлімдеріне әсер етті. Спорт бөлімі толықтай таратылды. Коммерциялық бөлімшелер де штаттың қысқаруынан зардап шекті.
Бас редактор Мэтт Мюррей The Washington Post-тың «болашақта аман қалу және өркендеу жоспарлары бар» екенін мәлімдеді. Алайда оның алдындағы бас редактор, басылым 11 Пулитцер сыйлығын алған кезеңде жұмыс істеген Мартин Бэрон әлдеқайда күмәнмен қарайды: оның айтуынша, штаттың үштен біріне жуығының қысқаруы жазылушылардың кетуіне әкеліп, редакцияның одан арғы жұмысы үлкен сұрақ астында қалуы мүмкін.
The Washington Post пен Дональд Трамп әкімшілігі арасындағы шиеленісті қарым-қатынас жағдайды одан әрі ушықтырып отыр, ал қазіргі иесі Джефф Безос басылымды басым актив ретінде қарастырмайтыны анық.
Мэтт Мюррейдің айтуынша, қысқартудан кейін The Washington Post АҚШ үкіметінің қызметін жариялауға басымдық береді, сондай-ақ ел ішіндегі оқиғалар, ғылым, технология, бизнес және климат мәселелері туралы жазуды жалғастырады. Алайда бұл бағытта оған Politico мен Axios сияқты ықпалды медиа ұйымдармен бәсекелесуге тура келеді.
Басылым қызметкерлерінің басым бөлігі мүше болып табылатын кәсіподақ Джефф Безосқа үндеу жасап, егер ол медианың әрі қарай дамуына мүдделі болмаса, The Washington Post-ты басқа инвесторға сатуға шақырды. Алайда Мартин Бэронның айтуынша, көкжиекте әлеуетті сатып алушылар көрінбейді — сондықтан 1877 жылы негізі қаланған АҚШ-тың ең көне медиаларының бірінің болашағы бұлыңғыр күйде қалып отыр