Абай облысында TikTok-та тікелей эфир барысында балағат сөз айтып, әдепсіз әрекет көрсеткен 26 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде құқыққа қайшы тікелей эфир анықталған. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, есірткі қолданатынын мәлімдеген.
Құқық бұзушының жеке басы жедел анықталды. Ол – Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрып жатқан 26 жастағы Азиза Қоқанова.
Медициналық куәландыру нәтижесі оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Сот шешімімен бойжеткен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі заңсыз контентті анықтау жұмыстары жалғасатынын айтып, интернетте жасалған әрбір құқық бұзушылық заң аясында тиісті бағасын алатынын ескертті.