Malim.kz
Шоу-бизнес

Тойға асығып, жолда қалған: жұлдыздардың ел білмейтін оқиғалары

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Көрермен әншінің сахнаға күлімдеп шыққанын көреді. Ал сол кешке жеткенше жолда не болғанын біле бермейді. Бірінің көлігі бұзылып, концертіне бірнеше сағат кешіксе, енді бірі тойға барар жолда апатқа тап болған. Malim.kz өнер адамдарының сапар үстінде басынан өткен оқиғаларын жинақтады.

Қайрат Нұртас: көрермен төрт сағат күткен

Қайрат Нұртастың гастрольдік сапарларының бірінде көлігі бұзылып, концертке уақытында жете алмай қалған кезі болған. Stan.kz жариялаған өмірбаяндық материалда әншінің Қарағанды өңіріндегі концерттеріне жеке көлігімен барғаны жазылған.

Сондай сапарлардың бірінде кешкі жетіде басталуға тиіс концертіне түнгі он бірде әрең жеткен. Алайда залдағы жұрт тарап кетпей, әншіні күтіп отырған. Басылым мәліметінше, кешігіп басталған концерттен кейін түнгі бірде тағы бір концерт өтіп, көрермен түнгі үшке дейін ән тыңдаған.

Сәкен Майғазиев: апаттан кейін тойға барған

Сәкен Майғазиев Сарыағаштағы тойға бара жатқанда жол апатына тап болған. Өнер иесі әлеуметтік желіде зақымданған екі көлікті көрсетіп, жолдың тар, көліктің көп болғанын айтқан.

Әншінің түсіндіруінше, оқиға көліктердің бірін-бірі басып озуға әрекеттенген кезінде болған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Кейін Майғазиев шақырылған тойына аман-есен жетіп, өнер көрсеткенін, одан соң Шымкентке оралғанын хабарлаған. Өзі үшін алаңдаған жұртқа алғыс айтып, жүргізушілерді асықпауға шақырған.

Серікбол Сайлаубек: Жаңа жылды жолда қарсы алған

Серікбол Сайлаубектің бір сапары мереке түніне тұспа-тұс келген. Әнші ауылдан қалаға шыққанда көлігі бұзылып, Жаңа жылды жол үстінде қарсы алуға мәжбүр болғанын баяндаған.

Қиындық мереке ауысқан соң да бірден шешілмеген. Көмек сұрап қоңырау шалған адамдардың телефондары сөндірулі болып, әнші мен жанындағы серігіне күтуге тура келген. Өзінің айтуынша, сол жолы бір күндей тұрып қалған. Кейін бұл оқиғаны әзілмен еске алған.

Досымжан Таңатаров: жүріп келе жатқанда дөңгелегі ұшқан

Досымжан Таңатаровтың жолдағы оқиғасы да тыңдармандарын алаңдатқан. 2025 жылғы маусымда әнші көлігінің дөңгелегі жүріп келе жатқанда ұшып кеткенін хабарлаған.

Өнер иесінің айтуынша, ешкім зардап шекпеген. Жаңарқалық Қуаныш пен Абзал есімді азаматтар көлікті жөндеуге көмектесіп, әншіні қайта жолға салып жіберген. Таңатаров оларға ризашылығын білдіріп, жүргізушілерге дөңгелек болттарын тексеріп жүруге кеңес берген.

Мақпал Жүнісова: бейтаныс жігіт көмекке келген

Мақпал Жүнісова да сапар кезінде жолда қалған. 2026 жылғы шілдеде жарияланған ақпаратқа сәйкес, әнші сіңлісімен бірге келе жатқанда көлігінің дөңгелегі жарылған.

Сол сәтте Сұлтан есімді атыраулық жігіт көмекке келіп, дөңгелекті ауыстырып беруге ниет білдірген. Әнші әлеуметтік желіде осы азаматқа алғысын айтып, ақ тілегін арнаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары