Malim.kz
Саясат

Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйледі

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына сапары барысында өңірдің тарихи, рухани және саяси маңызын атап өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

«Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын.

Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы.

Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы.

Әзірет Сұлтан кесенесі – түркі әлемінің берекелі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан.

Мемлекет басшысы өңірдің тарихи рөліне тоқталып, Ордабасы құрылтайы мен Аңырақай шайқасы кезіндегі ұлттық бірліктің маңызын еске салды. Сондай-ақ Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы жоғары деңгейдегі жиын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Үкімет деректеріне сәйкес, Түркістан облысының экономикасы 14%-ға өсіп, 1,7 трлн теңге инвестиция тартылған. Салық түсімі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Халықтың шамамен 90%-ы табиғи газбен қамтылған, ондаған әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілген.

Президент өңірдің даму қарқынын оң бағалап, Кентау қаласындағы жылу энергетика нысандарын жаңғырту және салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары