Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған Вице-Президент лауазымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Jibek Joly телеарнасының тілшісі Зұлқарнай Ермұраттың «Конституциялық реформа билік транзитіне және Президент сайлауына дайындық па?» деген сауалына жауап берген Президент қоғамда бұл мәселеге қатысты түрлі пікір айтылып жүргенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент институты бірқатар шет мемлекеттерде бар тәжірибе. Сондықтан Қазақстанда мұндай лауазымның енгізілуі билік жүйесін күшейтуге бағытталған.
«Кейбір сарапшылар Қазақстанда билік ішінде бәсеке күшейіп, түрлі үрдістер жүреді, бұл елге зиян келтіреді деп пікір айтып жатыр. Бірақ қоғамға зардап келтіретіндей қауіп жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес өз мерзімінде өтетінін атап өтті.
Оның айтуынша, келесі Президент сайлауы 2029 жылы жоспарланған уақытында өтеді.