"PRESIDENT" жобасының жүргізушісі, журналист Әділ Балтабаев Мемлекет басшысының тазы иттерге деген айрықша ықыласы туралы қызықты мәліметті айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Президенттің қарауында бірнеше тазы иті бар және ол олармен бірге серуендеуді әдетке айналдырған.
"Президенттің 5 тазы иті бар. Тоқаев мырза олармен бірге серуендейді және оның тазыларға деген ықыласы ерекше. Сондықтан елімізде осы иттің түрін қорғау туралы заң да шығарылды. Сондай-ақ Тоқаев Франция президенті Макронға 2 тазы күшігін сыйға тартқан болатын" – деді Әділ Балтабаев.
Осыдан бір жыл бұрын жарияланған мәліметте Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауында үш асыл тұқымды тазысы бар екені жазылған. Олардың есімдері – Наурыз, Ронни және Нэнси.
- Наурыз – қызыл түсті еркек тазы, жасы 1 жыл 4 ай. Оны Президентке былтыр селекционер Анна Захарова сыйға тартқан.
- Ронни – қызыл-ақ түсті, 4 жастағы еркек тазы.
- Нэнси – ақ түсті, 5 жастағы ұрғашы тазы.
Иттер арнайы қоршалған аумақта, жылы вольерлерде бағылады. Олармен тұрақты түрде сертификатталған кинолог айналысып, аңшылық пен ойын элементтеріне үйретеді. Бос уақытында Президент тазыларымен бірге серуендейді.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда қазақтың ұлттық ит тұқымдарын сақтау және көбейту туралы заң күшіне енді. Құжат аясында тазы мен төбетті қорғау және асылдандыру мақсатында Ұлттық орталық құру көзделген.
Сондай-ақ 2023 жылдың қарашасында Қазақстанға ресми сапармен келген Эмманюэль Макронға Қасым-Жомарт Тоқаев екі тазы күшігін сыйға тартқан болатын. Олар Жюль және Жанна деп аталды.