Altay fest-2026 аясында Берел іргесіндегі Патшалар жазығында «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кеші өтіп, ақындар екі-екіден өлең оқыды, деп хабарлайды Malim.kz.
Шара шымылдығын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, Қазақстанның әр түкпірінен келген ақындарға лебіз білдіріп, бірнеше күнге жалғасатын іс-шараға келген барша мейманға алғысын білдірді.
– Мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарихы сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана басқосудың өзі асқан бақыт. Бүгін біз осы өңірден түлеп ұшқан көрнекті ақын, қазақ поэзиясының көркем көкжиегін кеңейткен Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін жиналып отырмыз. Олай болса, ең алдымен барша қонаққа қазақы дәстүрмен қош келдіңіздер дейміз. Хакім Абай сөз патшасына теліген қасетті қара өлеңді халқымыз жай ғана өнер деп бағалмаған. Қазақ үшін сөз – аманат. Сөз – ар. Сөз – ұлттың жадын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір. Ал рухтың өзегі – әдебиет пен өнер, – деді әкім.
Бас-аяғы 16 ақын жиналған. Жырмен елдің рухын көтеріп, өлеңмен уақыттың үнін сөйлеткен олар алдын ала іріктеліп, соңында Берел іргесінде бас қосты.
Ұйымдастырылу форматы ерекше. Екі-екіден сахна беттеп, екі-екі өлең оқыды. Болған соң төмендегі лапылдаған отқа отын лақтырып шықты. Ашық аспан астында тамашалап отырған жұрт мұны бірден «Мұзтаудың мұзбалағы» Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» шығармасымен байланыстырып, тапжылмай отырып тыңдады.
Ал сахнаға беттегендердің көбі Халықаралық фестивальдердің лауреаттары. Үздік деген өлеңдерін екпіндете оқыды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған поэзия кешінде көп адам соңында сырт киімін киіп алды. Жаурап, тоңази бастағандары кәуап пісіп жатқан жерге жақындап, шай сұрады. Ал жергілікті жұрт үшін бұл қалыпты жағдай болып кеткендей көрінді.
Марапаттау рәсіміне облыс әкімінен бөлек, белгілі жазушы Әлібек Асқаров қатысты.
Таныс ақындарды бауырына басып, құттықтауын жеткізді. Ал көпшілік алдында өнер көрсеткендердің барлығына 500 мың теңгеден табысталды. Бәрі суретке түскен соң келген меймандар тарқаса бастады.