АҚШ президенті Donald Trump 12 мамыр, сейсенбі күні өзінің Truth Social платформасында Венесуэла АҚШ туының түстерімен бейнеленген картаны жариялады. Суреттің үстіне «51-ші штат» деген қысқа жазу қалдырылған. Бұл жарияланымды Ақ үй де таратты.
Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-ші штаты ету мүмкіндігін «байыпты түрде қарастырып жатқанын» мәлімдеді.
Бұған дейін америкалық көшбасшы Fox News телеарнасына берген сұхбатында Венесуэланы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру мүмкіндігін шындап қарастырып отырғанын айтқан. Ол бұл ойын Венесуэланың «40 триллион долларлық мұнай қоры барымен» түсіндіріп, венесуэлалықтардың «оны жақсы көретінін» де қосып өтті.
Бұған дейін Дональд Трамп Канадаға АҚШ-тың 51-ші штаты болуды бірнеше рет ұсынған, сондай-ақ Гренландияны бақылауға алу жоспары бар екенін де мәлімдеген.
Родригес: «Бұл ешқашан қарастырылмайды»
Венесуэланың уақытша президенті міндетін атқарушы Delcy Rodríguez елдің АҚШ құрамына қосылу мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл мәселе «ешқашан қарастырылмайды», себебі венесуэлалықтар өз тәуелсіздігін жоғары бағалайды.
«Біз өз тұтастығымызды, егемендігімізді, тәуелсіздігімізді және тарихымызды қорғауды жалғастырамыз», — деді Родригес 11 мамырда Гаагада журналистерге. Ол жерде саясаткер Венесуэла мен көршілес Гайана арасындағы мұнайға бай Эссекибо өңіріне қатысты дауға байланысты Халықаралық сот тыңдауына қатысқан.
Родригестің сөзінше, Венесуэла — «отар емес, еркін мемлекет». Сонымен қатар, ол Каракас пен Вашингтон арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы сақталып отырғанын атап өтті.