АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты әскери әрекеттер болуы мүмкін екенін тағы да жоққа шығармады. Ел билігі жаппай наразылық акцияларын қатаң түрде басып-жаншығаннан кейін Вашингтон жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
«Бізде армада бар, бұл бағытқа бет алған өте ірі флот тұр. Бұл — сақтық шарасы. Мүмкін, оны қолданудың қажеті де болмас. Көре жатармыз», — деді Трамп Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумнан қайтып келе жатып журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Тегеранға қарсы әскери күш қолдануды қаламайтынын атап өтті.
«Біз Иранды бақылап отырмыз. Ештеңе болмағанын қалар едім, бірақ оларды өте мұқият қадағалап отырмыз», — деді ол.
Reuters агенттігі америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлағандай, жуырда Таяу Шығыс аймағына «Авраам Линкольн» атты авианосец бірнеше басқарылатын зымырандары бар эсминецтердің сүйемелдеуімен жеткізіледі.
Агенттік дереккөздерінің бірі АҚШ базаларын Иран тарапынан болуы мүмкін соққылардан қорғау үшін аймақта қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін орналастыру ықтималдығын да жоққа шығармады.
Бұған дейін Ирандағы наразылықтарда 3 мыңнан астам адам қаза тапқаны жайында ақпарат тараған еді.