АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты кезекті қатаң мәлімдеме жасап, жағдайдың ушығуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында:
«Бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылып кетуі мүмкін және ол енді ешқашан қайта қалпына келмейді. Мен мұның болғанын қаламаймын, бірақ, сірә, дәл солай болады», — деді.
Бұған дейін Трамп 7 сәуір кешкісін (АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша) белгіленген ультиматум мерзімі аяқталған соң Иранға «тозақ» болатынын ескерткен еді.
Сонымен қатар ол аймақта билік ауысуы мүмкін екенін меңзеп, жаңа күштердің келуі жағдайды өзгертуі ықтимал екенін жеткізді.
«Енді толық әрі түбегейлі өзгеріс болып, ақылдырақ әрі радикалдығы төмен күштер басымдыққа ие болса, бәлкім, революциялық тұрғыда оң өзгерістер болуы мүмкін. Кім біледі?» — деді ол.
Трамптың айтуынша, бұл жағдай әлем тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болуы мүмкін.
«47 жылға созылған бопсалау, жемқорлық және өлім ақыры аяқталады. Ұлы Иран халқына Құдай жар болсын», — деп қорытындылады АҚШ президенті.