АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Дания және Гренландиямен аралдың қауіпсіздігіне қатысты жаңа келісімге келгенін мәлімдеді, деп Malim.kz тілшісі, BILD-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа Гренландияның қауіпсіздігі мәселесінде "тұрақты бақылау" орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Вашингтон арал аумағында АҚШ қарсылас санайтын елдердің әскери нысандарын орналастыруына жол бермеуді көздейді.
Reuters мәліметінше, құжат Гренландияның егемендігін АҚШ-қа беруді қарастырмайды. Оның орнына америкалық әскердің аралға кіру, әскери күш орналастыру және әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілмек.
Ал Дания мен Гренландия билігі келісімді басқаша сипаттады. Дания премьер-министрінің кеңсесі үш тарап құжатқа келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қояды деп күтіліп отырғанын хабарлады. Келісім күшіне енуі үшін тиісті парламенттік рәсімдерден өтуі қажет.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен құжат Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы ортақ қауіпсіздікті күшейтіп, сонымен бірге Дания Корольдігінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығын мойындайтынын айтты.
Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен те келісім Гренландия, Дания, АҚШ және Батыс одақтастарының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын мәлімдеді. Құжаттың толық шарттары әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін Трамп Гренландияға бақылау орнатуға мүдделі екенін бірнеше рет айтқан. Ол мұны Арктикадағы қауіпсіздік және Ресей мен Қытайдың ықпалына қатысты алаңдаушылықпен түсіндірген. Дания мен бірқатар еуропалық елдер Гренландияның болашағын арал халқы мен Дания ғана шешетінін мәлімдеген.