Malim.kz
Әлем

Трамп: Иран АҚШ пен Израиль жасаған соққылардан кейін келіссөздер жүргізуді сұрады

Айбын Атабай
Анадолы

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иранның әскери және саяси инфрақұрылымына соққы жасағаннан кейін Иранның жаңа басшылығы келіссөздер жүргізуді ұсынғанын мәлімдеді. 

Оның айтуынша, соққылар салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеунік қаза тапқан.

— Олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен бұған келістім, — деді Трамп The Atlantic журналына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ол Иран мұндай қадамға бұған дейін де бара алар еді деп атап өтті. Трамп келіссөздердің нақты қашан басталатынын нақтыламады, бірақ алдыңғы келіссөздерге қатысқан кейбір ирандық ресми тұлғалардың соққылар кезінде қаза тапқанын айтты.

— Бұл адамдардың көпшілігі қаза болды. Олар бұған дейін келісімге келуі керек еді. Мәміле жасай алар еді. Алайда олар тым айлакерлік танытты, — деді Трамп.

Ол АҚШ әрекеттері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықты қорғауға бағытталғанын баса айтты. Операциялар нәтижесінде Иранның 48 жетекшісі қаза тапқан және америкалық әскерилердің әрекеті «жоспардан озық» жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Бұған дейін Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған міндеттер толық орындалғанға дейін жалғасатынын мәлімдеген болатын.

Еске сала кетейік, ақпан айының соңында АҚШ Иран нысандарына қарсы «Эпикалық қаһар» операциясын жүргізді. Жауап ретінде Иран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға соққы жасады, ал Дубай мен Абу-Даби қалаларында күшті жарылыстар болды.

Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны белгілі болды — оның резиденциясына 30 бомба тасталған. Иран дереккөздерінің мәліметінше, соққылар салдарынан елде 200-ден астам адам қаза тауып, 700-ден астамы жараланған. Шабуылдар Иранның 14 провинциясын қамтыды.

Сонымен қатар, Дубай әуежайына да соққы жасалды. Иран аумағында жүрген қазақстандықтар үшін Қазақстан Республикасының Елшілігі шұғыл байланыс тәртібі мен елден шығу мүмкіндіктерін түсіндірді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары