АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Ирандағы Оңтүстік Парс газ кен орнына жасаған әуе соққыларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
«АҚШ бұл нақты шабуыл туралы ештеңе білмеді, ал Қатардың оған ешқандай қатысы жоқ және оның болатынын мүлде білген жоқ», — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Израиль енді Оңтүстік Парсқа соққы жасамайтынын мәлімдеді.
«Егер Иран ақылға қонымсыз әрекет жасап, бұл жағдайда мүлде кінәсіз Қатарға шабуыл жасамаса, Израиль бұдан былай аса маңызды әрі құнды Оңтүстік Парс кен орнына соққы бермейді. Ал егер ондай жағдай орын алса, АҚШ Израильдің келісімімен немесе келісімінсіз-ақ Оңтүстік Парс кен орнын бұрын-соңды болмаған күшпен толықтай жойып жібереді», — деп жазды Трамп.
Еске салайық, Таяу Шығыстағы шиеленістің жаңа кезеңі Израиль қарулы күштері Парсы шығанағындағы Иранға тиесілі Оңтүстік Парс газ кен орны нысандарына соққы жасағаннан кейін басталды. Катар мен Біріккен Араб Әмірліктері бұл әуе шабуылдарын айыптады.