Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі Ресейге тиімді болып отыр. Бұған мұнай бағасының өсуі, АҚШ санкцияларының уақытша баяулауы және Киевке қажет АҚШ оқ-дәрі қорының тез азаюы себеп. Бұл туралы Financial Times басылымы Украина бойынша келіссөздерге қатысып жүрген ЕО-ның төрт дипломатына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Еуропалық жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, АҚШ-тың арағайындығымен өтіп жатқан украиналық және ресейлік шенеуніктер арасындағы келіссөздер «қауіпті аймаққа» кірген.
«Келіссөздерде шынымен де үзіліс пайда болды. Америкалықтардың басқа басымдықтары бар, бұл түсінікті», – деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Үшжақты бейбіт келіссөздердің соңғы раунды 17-18 ақпанда Женевада өтті. Ал 5 наурызда Абу-Дабиде өтуі тиіс тағы бір раунд АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін кейінге қалдырылды. Жаңа күні мен өтетін орны әзірге жарияланған жоқ.
ЕО дипломаттарының бірі Таяу Шығыстағы жағдай саяси назарды Украинадан айтарлықтай бұрып жібергенін айтты.
«Бұл біз үшін де, Украина үшін де апат», – деді ол.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, ЕО елдеріне америкалық қару-жарақ жеткізу, әсіресе әуе қорғаныс жүйелері кешігуі мүмкін екені ескертілген. Себебі Вашингтон Таяу Шығыстағы серіктестеріне басымдық беріп отыр.
«Бұл анық проблема. Өйткені іс жүзінде бірдей ресурстар үшін бәсеке жүріп жатыр — Таяу Шығыста да, Украинада да», – деді ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас Financial Times-ке берген сұхбатында.
Сонымен қатар Ресей әлі күнге дейін еуропалық елдердің келіссөздердегі рөлін арттыру әрекеттеріне қарсы болып отыр.
Басылым мысал ретінде ақпанда Мәскеуде Францияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Эммануэль Бонн мен кеңесші Бертран Бухвальтердің Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі басты кеңесшісі Юрий Ушаковпен кездесуін келтіреді.
Француз шенеуніктері Кремльді Киевтің еуропалық одақтастары да келіссөз үстелінде болуы керек екеніне көндіруге тырысқан.
«Ушаковтың жауабы шамамен былай болды: “Кешіріңіздер, бірақ жоқ, бізге бұл керек емес, өздеріңіз біліңіздер”», – деді ЕО-ның жоғары лауазымды дипломаты.