Malim.kz
Әлем

Трамп Иранға теңіз блокадасын жалғастыратынын мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: Ақ үй

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ұсынысын қабылдамай, Иранға қарсы теңіз блокадасын ядролық бағдарламаға байланысты АҚШ алаңдаушылықтарын жоятын келісім жасалғанға дейін жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Axios дерегіне сілтеме жасап.

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның инфрақұрылымдық нысандарына бағытталған және Тегеранды келіссөздерде икемдірек болуға мәжбүрлеуді көздейтін “қысқа әрі күшті” соққылар жоспарын әзірлегені хабарланды.

Axios-тың жағдайдан хабардар үш дереккөзіне сәйкес, сейсенбі кешіне дейін әскери әрекеттерді бастау туралы бұйрық берілмеген. Дональд Трамп блокаданы “бомбалаудан тиімдірек” деп санайтынын айтқан.

Трамп сонымен қатар Иранға бағытталған, жасанды интеллект көмегімен жасалған өзінің бейнесі бар және “Енді жақсы жігіттер жоқ” деген жазуы бар мем жариялаған.

Басылым мәліметінше, АҚШ-тың мұнай тасымалын шектеуі салдарынан Иранның мұнай сақтау қоймалары мен құбырлары “жарылу қаупі алдында” тұр. Дегенмен кейбір сарапшылар Иранға мұндай тікелей қауіп төніп тұр деген пікірмен келіспейді.

Бұған дейін Тегеран Ормуз бұғазын ашып, блокаданы алып тастауды, ал ядролық келіссөздерді кейінге қалдыруды ұсынған. Иран қауіпсіздік қызметтеріндегі жоғары лауазымды дереккөз әскери-теңіз блокадасына “бұрын-соңды болмаған қатаң шаралармен жауап берілетінін” ескерткен.

Иран тарапы АҚШ келіссөздерде өз шарттарын қабылдамаса, жағдай ушығуы мүмкін екенін айтқан. Ал әлемдік мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты белгісіздікке байланысты қайта өскені хабарланды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары