АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатаң шарттар қойды. Оның айтуынша, Иранмен қандай да бір келісім тек «сөзсіз тізе бүгу» жағдайында ғана мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл жайлы америкалық көшбасшы 6 наурыз, жұма күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Иранмен ешқандай келісім болмайды, тек сөзсіз тізе бүгу ғана! Осыдан кейін және ұлы әрі қолайлы көшбасшы (немесе көшбасшылар) таңдалған соң біз көптеген тамаша әрі өте батыл одақтастарымызбен және серіктестерімізбен бірге Иранды күйреу шегінен қайтару үшін тынымсыз жұмыс істейміз. Елді бұрынғыдан да экономикалық тұрғыдан ірі, жақсы әрі қуатты етеміз», — деді ол.
Оның пікірінше, Иранның «болашағы зор».
«Иранды қайтадан ұлы елге айналдырамыз — MIGA (MAKE IRAN GREAT AGAIN)», — деп қосты АҚШ президенті.
Келесі жазбасында Ақ үй басшысы Таяу Шығыста адамдардың ауқымды түрде көшіріліп жатқанын мәлімдеді.
«Біз Таяу Шығыстағы әртүрлі елдерден мыңдаған адамды көшіріп жатырмыз. Бұл тыныш әрі ешқандай іркіліссіз жүзеге асуда. Мемлекеттік департамент, мемлекеттік хатшы Марко Рубио жетекшілігімен, тамаша жұмыс атқарып жатыр», — деп түсіндірді Трамп.
Бұған дейін Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында Иран басшылығын толық ауыстыруды қолдайтынын айтқан.
Сондай-ақ Вашингтонда «жақсы көшбасшы» болуы мүмкін бірнеше кандидат бар екенін мәлімдеді. Алайда олардың нақты кім екенін атаудан бас тартты.