АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі бірқатар жазбаларында Кубадағы режимге назар аударып, Гавананы «кеш болмай тұрғанда» келіссөз бастауға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
АҚШ президентінің айтуынша, енді Кубаға Венесуэладан мұнай да, ақша да келмейді, сондықтан Гавана кеш болмай тұрғанда Вашингтонмен келісім жасауы керек.
Трамптың сөзінше, «көп жылдар бойы Куба Венесуэладан келетін қомақты мұнай мен қаржының есебінен өмір сүрді», ал оның орнына 1999-2013 жылдары осы елдің президенті болған Уго Чавеске және 3 қаңтарда АҚШ армиясының арнайы жасағы ұстап әкеткен Венесуэланың қазіргі президенті Николас Мадуроға «қауіпсіздік қызметін» көрсеткен.
Бұл ескерту Кубаға қатысты жазбалар мен репосттар сериясының шарықтау шегі болды.
Куба туралы жазбалардың бірінде президент әлеуметтік желідегі өзге біреудің «Марко Рубио Кубаның президенті болады» деген жазбасын бөлісіп, оған: «Жаман естілмейді!» — деп қосты.
Басылым АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған соққысы онсыз да экономикалық құлдыраудан қиындық көріп отырған одақтас Кубаның жағдайын одан әрі әлсіреткенін және 32 кубалық әскери қызметкердің қаза тапқанына әкелгенін еске салды.
Куба билігі Дональд Трамптың мәлімдемелеріне ашулы түрде жауап қатты.
АҚШ операциясы кезінде кубалық сарбаздардың болғанына қарамастан, Кубаның сыртқы істер министрі Бруно Родригес ақша немесе материалдық өтемақы үшін қауіпсіздік қызметін көрсету туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, «құқық пен әділдік Кубаның жағында» екенін айтты.
«АҚШ өзін қылмыстық әрі бақылаусыз гегемон ретінде ұстап отыр, ол тек Кубада және осы жартышарда ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіруде», — деді Куба СІМ басшысы.
Венесуэла көшбасшысы Николас Мадуро ұсталғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп бұл АҚШ-қа қауіп төндіретіндердің барлығына арналған ескерту екенін мәлімдеді.