Malim.kz
Әлем

Трамп пен Путин сияқты Си Цзиньпин де G20 саммитіне бармайды

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин  Йоханнесбургте (Оңтүстік Африка Республикасы) өтетін G20 саммитіне қатыспайтын болды. Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz DW басылымына сілтеме жасап.

Саммитке Қытай атынан Премьер Ли Цян барады.

Сонымен қатар, ол 17–18 қараша күндері Мәскеуде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер үкімет басшылары кеңесінің 24-отырысына және 19–20 қарашада Замбияға ресми сапармен барады.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин де G20 саммитіне қатыспайтынын мәлімдеген еді.

Трамп шілде айында саммитке бармайтынын, өз орнына басқа өкіл жіберуі мүмкін екенін айтқан. Ол қабылдаушы елдің «өте нашар саясат жүргізіп отырғанын» сынға алды.

Бұған дейін, мамыр айында ОАР президенті Сирил Рамафоса Ақ үйге барған сапары кезінде Трамп оңтүстікафрикалық билікті «ақ фермерлерді жаппай қырып жатыр» деп айыптаған болатын.

Путин соңғы рет саммитке 2019 жылы Жапонияның Осака қаласында қатысқан, ал 2020 жылы пандемия кезінде іс-шара онлайн форматта өткен еді.

Йоханнесбургтегі G20 саммиті 2008 жылдан бері алғаш рет АҚШ, Қытай және Ресей көшбасшылары бір мезетте қатыспайтын жиын болмақ.

Айта кетейік, G20 тобына 19 мемлекет және екі аймақтық бірлестік — Еуропалық одақ пен Африка одағы кіреді. Қатысушылар қатарында: Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Оңтүстік Корея, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Африка Республикасы және Жапония бар.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары