Malim.kz
Әлем

Трамп Ресей мұнайына санкцияны алып тастады

Айбын Атабай
bbc.com

АҚШ президенті  Дональд Трамп бүкіл әлем бойынша Ресей мұнайын сатып алуға қатысты санкцияларды 11 сәуірге дейін алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Иранмен соғыс салдарынан зардап шеккен нарықты тұрақтандыру үшін елдерге ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша рұқсат берді.

Бұл туралы ол өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. 

“Қолданыстағы жеткізілімдердің жаһандық қамтылуын кеңейту үшін АҚШ-тың Қаржы министрлігі қазір теңізде тасымалданып жатқан ресейлік мұнайды елдердің сатып алуына уақытша рұқсат берді. Бұл тек жолда келе жатқан мұнайға ғана қатысты тар ауқымды, қысқа мерзімді шара. Сондықтан ол Ресейге айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді, өйткені Ресейдің энергия ресурстарынан түсетін негізгі табысы өндіру орнында алынатын салықтар арқылы қалыптасады”, – деді ол.

Сонымен қатар Бессенттің айтуынша, президенттің энергетиканы қолдайтын саясаты АҚШ-та мұнай мен газ өндіру көлемін рекордтық деңгейге жеткізіп, жанармай бағасының төмендеуіне ықпал еткен. Ол мұнай бағасының өсуі уақытша құбылыс екенін және ұзақ мерзімді перспективада мұның Америка мен оның экономикасына үлкен пайда әкелетінін атап өтті.

Еске слайық, Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы түсе бастаған еді. 

Қақтығыстың мән-жайы, Ормуз бұғазының жабылуы

АҚШ пен Израиль Иранға 27 ақпаннан 28-іне қараған түні соққы жасады. Бұл Дональд Трамптың тактикалық қадамы болуы мүмкін. Себебі демалыс күндері биржалар жұмыс істемейді. Стратегиялық шикізат бағасы күрт өзгермейді, ал дүйсенбіге қарай алғашқы эмоциялық шок басылып, мұнай, газ және өзге ресурстар бағасы қалыптасады. Бұған дейін АҚШ Венесуэлаға да осындай әдіс қолданған еді.

Десе де 2 наурыз күні Лондон биржасында мұнай бағасы сауда-саттықтың ең жоғары шегі 13% өсіп, барреліне 82 долларға жетті. Биржа ойыншыларының алаңдау себебін түсіну үшін Таяу Шығыстағы жағдайға мойын бұру жеткілікті. Себебі Ормуз бұғазы – Иран мен Оман арасындағы теңіз дәлізі. Ол Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғап жатыр. Дәл осы өткел арқылы Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Бахрейн, Катар, Кувейт өз мұнайын экспорттайды.

Мәліметке сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың кемінде 20%-ы және сұйытылған табиғи газдың кемінде 25%-ы өтеді. 

2 наурыз күні түстен кейін Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тоқтатылғанын хабарлады.

Оның айтуынша, қазір бұл маңда әскери операция жүріп жатқандықтан, ешкімнің өтуге құлқы жоқ. Қазірдің өзінде бұғаз арқылы өткен үш кеме, үш танкер зардап шекті дейді дипломат. Ол бұғаз арқылы екі күн бойы мұнай тасымалданбағанын және кемелер үшін жағдай қауіпті болып қала беретінін айтты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары