Malim.kz
Саясат

Трамп Тоқаевтың қонағын тұтқындап, өзін қонаққа шақырды (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп

Азаттық радиосы журналисі Манас Қайыртайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында халықаралық саясатқа қатысты жазба жариялады. Онда ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп және Венесуэла басшысы Николас Мадуро арасындағы дипломатиялық ахуалды салыстыра талдайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналистің жазуынша, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президенті Николас Мадуроны Қазақстанға ресми сапармен шақырған. Бұл ұсыныс Мәскеуде өткен кездесуден кейін, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту аясында жасалған.

Алайда Манас Қайыртайұлының мәліметінше, Венесуэла басшысы Қазақстанға келе алмаған. Себебі ол АҚШ аумағында жүрген кезінде қамауға алынып, сот процесіне тартылған. Осылайша, Тоқаевтың ресми шақыртуы жүзеге аспай қалған.

Журналист назар аударған тағы бір жайт – осы кезеңде Дональд Трамптың Қазақстан Президентін АҚШ-қа қонаққа шақыруы. Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына жоспарланған G20 саммиті Майами қаласында өтпек. Трамп Тоқаевты осы халықаралық жиынға қатысуға шақырған.

Осы жағдайды Манас Қайыртайұлы былай түйіндейді:

"Қонағын тұтқындап, өзін қонаққа шақырды дегеннің мәні – осы", – деп жазды журналист.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Давоста өтіп жатқан экономикалық форумға да тоқталған. Журналистің мәліметінше, Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесі" атты жаңа ұйым құрып, оның құрамына 18 елді енгізген. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде ұйымның жарғысына қол қойылып жатқан сәт бейнеленген.

Аталған жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Бірі бұл жағдайды халықаралық саясаттағы ирония деп бағаласа, енді бірі оны геосаяси мүдделердің күрделі тоғысы ретінде қабылдады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары